Керней ауылдық округінде саябақ ашылды
Бұқар жырау ауданы Керней ауылында Керней саябағы ашылды. Аталмыш шара Астана күнінің қарсаңында өткізілді. Мереке аясында елбасының өңірлерді жасылдандыру және «Туған жер» бағдарламасы аясында саябаққа тал отырғызылып, ауыл өнерпаздары өнер көрсетті. Аталмыш шараны Керней ауылдық округі мен Көкбөрі Керней баба қоры бірлесіп атқарды. Керней ауылдық орталығындағы саябақ Көкбөрі Керней баба қорының қолдауымен ашылды. Ал, ағаштар орман шаруашылығы бағынан әкелінген. Мұнда 160 қайың көшеті егілді. Күзде тағы да қарағай талын отырғызу жоспарлануда. Саябақтың аумағы 1400 шаршы метр. Енді, бұл алааң абаттандырылып, тал егу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаспақ. Ал, бар жұмысты ауыл халқы мен орман шаруашылығы қызметкерлері атқарыпты. Саябақты ашуға жалпы 800 мың теңгеден астам қаржы жұмсалған. Негізгі қаражатты кәсіпкер Ұлан Әбдіханов аударған екен. Саябақ мәселесін көптен бері ауыл азаматтары айтып жүрген. Алайда, оған арнайы қаражат қарастырылмағандықтан, көпшіліктің ұсынысы кейінге шегеріліп келген. Енді, міне көпшіліктің арманы орындалды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жасыл желек көбейсе ауа тазарады. Сондай-ақ, халықтың бір мезгіл демалуына да септігін тигізбек және орталық көшеге сән беріп тұрады. Көкбөрі Керней баба қоры бұған дейін ауылдық девиантты балалар оқитын мектепке де жәрдем берген. Сонымен қатар, басқа да шараларға қолдау көрсетіп келеді. Ондағы мақсат, халықтың әлеуметтік төмен топтарына қайырымдылық жасау әрі жергілікті елді-мекендерде атқарушы билік органдарымен мемлекеттік бағдарламаны бірлесе атқару дейді шараны ұйымдастырушылар. Осынау қайырымдылық шарасы жастарға өнеге және басқа да ауыл азаматтарына үлгі болмақ. Болашақта бұл саябақ кеңейтіліп, абаттандырылу жұмыстары жүргізілмек. Тиісті шараларды атқаруға Көкбөрі Керней баба қоры мен жергілікті әкімдік те атсалыспақ.