Көкбөрі Керней | Амангелді Ермегяев
Тұлғалар

Амангелді Ермегяев

АЛТЫН АДАМ
(Триптих)
І.
ЕЛАҒАСЫ
(Алпыстың асқары)
Арқа қазақтары Үлкен ағаларының жерін ұлықтап Аспантау елі дейді. Сол Аспантаудың құйқалы сағасында төңкерілген кеседей бас-аяғы жинақы Жалаңаш ауылы жатыр. Басқасын айтпағанда қызқарағай мен қызқайыңы сыңсып тұрған осынау ауылдың Жалаңаш атануы алғаш бетте құлаққа тосындау естіліп, ерсі тиетіні бар. Қалғаны боса – болмаса келісіп тұр. Осында болған адамның құлағында тау өзенінің гүрілі кетеді, жанарында беймәлім биіктерге жетелейтін үшқаты шыңдары қалады.
Жалаңаш аталса ең алдымен есімізге Райымбек бабамыздың есімі оратылады. Одан қалса Бөлтірік ақын бар. Одан қалса тұтастай бір ұрпақ өзіне қарап қаламын түзеген Ұзақ Бағаев аға бар. Бұл, әрине, менің – Арқа қазағы баласының көзімен қарағандағы пайымым.
Райымбек батыр біздің бабаларымызбен қарбалдасып шауып, жау ықтырған. Бөлтірік би ауылында жатып Көпбай болысқа сәлем айтып жылқы алдырған. Ұзақбай ағаның алдынан өтпеген қалам ұстаған біздің қатардағы бала жоқ болар.
Енді бұл тізім тағы да ұзара түсті. Бір адамға. Біреу де болса бірегейінен.
Бүгінде Аманкелді Ермегияевтің есімін білмейтін қазақ баласы некен – саяқ болар. Сол ағамыз осы Жалаңаш ауылынан.
Бабаларымыз өздігінен топтың алдына шыға қоймайтын, бірақ түптің түбінде бәрібір топ бастайтын адамдарды қалман деуші еді. Аманкелді ағамыз осы қалмандар қатарынан.
Әліппе бетін жергілікті қазақ мектебінде бастаған. Кейінгі қалған екі сыныпты Алматыдағы №12-ші мектепте аяқтады. Сонсоң туған ауылға оралған. «Тоғызқұдық» колхозында қатардағы колхозшы болды. Бұл Жалаңаштың шығысы. Одан әрі – Ұзынбұлақ. Батысы – Саты.
Екі жыл ішінде ысылып шыға келген. Атпал азамат ендігі кәсібін өзіне қол көрмеген. «Алматыоблқұрылыс» тресінің №2-ші құрылыс – монтаж басқармасының бір учаскесі осы Жалаңашта орын тепкен болатын. Сұранып жүріп соған бетон құюшы болып орналасқан. Көп ұзамай бригадирліктің құлағын ұстаған. Өзінің ғұмырлық мамандығын сол бір күндер шешкен. Орыным жасампаздық деп білген. Құрылысшы мамандығына солай келген.
Алғаш Қазақ политехникалық институтында оқыған. Қалған екі курсін мектептегідей сырттан бітірді. В. Куйбышев атындағы Мәскеу инженер – құрылыс институтын үздік тәмамдаған.
Алда сан тарау жол тұрған. Мәскеуде қалып, ғылым жолына түсуге болатын. Бірақ ол бәріне қолын сілтеп, өзінің Алматысына оралған.
Алматыны әлемдегі ең әсем қалалар қатарына қоссам деген тілеуінің үстінде жүрді. Орда бұзар жасына толмай жатып бір ПМК-ға прораб болып шыға келді. Ал ол мекеме «Алматыоблауырқұрылысқа» қарайтын. Бұл сол кездегі еліміздегі ең ірі трестердің бірі болатын. Араға алты жыл түскенде ПМК бастығы болды. Азаматтық мүшелігінде аталмыш трестке басқарушы болып көтермеленді.
Ол тұста қазақ азаматтары осындай қысқа уақытта мұндай биікке көтеріле алмайтын.
Ол ерлікке барабар іске барды. Қазақ оғыланының да қала сала алатындығын «аға» балаларына мойындатты. Өзінің соңынан жүздеген қаракөз бауырлары ерді. Олардың барлығының да жасампаздық рухымен туғандығын кейін көз көрді. Олар Алматы көшелерінде өз қолтаңбаларын қалдырды.
Оның еншісіне тарихи ғимараттарды салу жазған екен. Құрылыс сапасын халықаралық деңгейге көтерді. Отандық құрылыстың басында тұрды десек артық айтқандығымыз бола қоймас. Аманкелді Дінұлының мұндай берекелі іскерлік және ұйымдастырушылық қабылеті елеусіз қалмады. Қырықтың белесінде халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Мұнда да құрылыс саласына басшылық жасады. Қырық бес жасында Қазақ КСР Министрі болды.
Аудан орталығындағы кіреберіс қақпада Аспантау елінің ұранына айналған аруақты бабамыз Райымбектің алып ескерткіші тұр. Өскелең ұрпақты елдікке, ауызбіршілікке үндейтін осы ескерткіш өз тұғырына қонғанша жарғақ құлағы жастыққа тимеген екі адам болса, соның бірі Аманкелді ағамыз болатын. Оның да тауқыметін бір адамдай тартқан. Ең алдымен ұлт рухын ойлаған. Ұлт намысын ойластырған. Рух та, намыс та ар деген сөз. Кішкене халыққа үлкен қанжар керек деген талай ұлт – ұлыстар жер бетінен жойылып кеткен. Сонда ажалдарын сол қанжарларынан тапқан.
Аз халыққа бұл жарамайды. Аз халық ертеңіне рухы мықты болғанда ғана жете алады. Рухы мықты оғылан күндеде отырса да ертеңін ойлап отырады. Мәңгүрттің қолына қару ұстатсаң өзіңе сілтейді. Ал әлгіндей оғыланың болса атасы бөлекті аттан түсіріп, атқа өзіңді мінгізеді. Ұлттық рух дегеніміз осы!
Тәуелсіздік монументіне де осы тұрғыдан келген. Оның өнер туындысы екендігі сөзсіз. Алайда оның бәсі мұнан да жоғары. Ең алдымен ол рух рәмізі!
Біреулер осынау ескерткішті тарих деп біледі, енді біреулер тұлғалар галереясы дейді. Бәрі де дұрыс. Ең бастысы ол рух рәмізі!
Бабаларымыз құс қанаты талатын сайын даласын білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған. Салқам Жәңгірдің алты жүз жасағымен жоңғардың жиырма мың қолын тоқтатқанын жақсы білеміз. Бір жасаған жар болған болар, аруақтар қолдаған болар. Ең бастысы олардың рухы жоғары болатын.
Тәуелсіздік монументіне сол рухты көшірмекші болған.
Өткен ғасырымыздың қазақ халқы үшін не беріп, не бермегенін мамандар безбендей жатар. Айтайық дегеніміз осы ғасырда жарылқаушыларымыз рухымызды жойып жіберуде көп жұмыс істеді. Дүниеге өз ұлтына мұрынын шүйіріп қарайтын дүбара ұрпақтар келді. Өзінің Абайын танымады, өзгенің Пушкиніне табынды. Жарды өзгеден сүйді, ал өз босағасының оң жағында «отағасын» күтіп мыңдаған Құртқалар отырды!
Сол қарындастарымыздың киесін енді ғана мойындағандаймыз. Алматыда Саин көшесі пайда болды. Енді әр деңгейде көп әйел алу жөнінде әңгімелер қозғала бастады.
Бұл жол елді ұшпаққа шығаратын жол емес.
Текті ұрпақта зәузаттық жады болады. Сол хәл үстінде жатқан жадыны тірілтуіміз керек. Әңгіме осында.
Бүгінде ата – текті тергеушілер көбейді. Оны да сан – саққа жүгіртіп жатырмыз. Біреудің ата – бабасын тауып беріп сауап алғанымыз Құдай жолы. Алайда оң жақта отырып босанып қалған қарындастарымыздың балаларын не істейміз? Тастандыларды ше? Олардың ата – анасын қайдан тауып береміз? Әкесін білмейміз, әкесін білмеген соң, әрине, атасын да білмейміз.
Өз рухымызды сындырғанымыз осы емес пе?
Мұнан шығар жол біреу. Ол рухты іздеу. Сол рух Тәуелсіздік монументінде тұр. Монументтің ұшар басында біздің түп бабамыз – Алтын Адам тұр!
Халқымыз бүгінгі күнге осы рух мықтылығымен жетіп отыр. Енді еліміздің терезесін өзгелермен теңестіргіміз келсе намысты ту етіп тігуіміз керек. Руханиятты ойласақ барлықты емес нарлықты ойлауымыз керек. Ал бұл ар деген сөз!
Райымбек ауданына ат тіреушілер батыр ескерткішін айналып өте алмайды. Ел ескерткіштен жаяулап өтеді. Алдыңғы толқын толғанады, кейінгі толқын ойланады. Өткенге салауат, ертеңге аманат айтады. Ұлт рухын өлтіріп алмаудың амалы осы болса керек.
Аманкелді ағамыздың ата – жұрты мынау Шет өңірі, оның ішінде Ақшатау ауылы. Ағамыздың ата – бабалары жуан ата тұқымы ретінде қудаланды, тәркіленді, итжеккенге айдалды, атты, асты. Мұздақта қайдауылдар келді. Қара жерге құйрығын басатын қазақ баласы көк мұзда отырды. Сонда да өлген жоқ. Ата жұртына өзінің қу жанын, соңынан ерген қайдауылын жеткізді.
Қазір осы бұтақтан Ақшатау ауылында бірде бір адам жоқ десек біреу нанар, біреу нанбас. Сол ата жұртына Аманкелді ағамыз рух іздеп азаматтық мүшелінде келді. Жарылғап батыр бабасының асын ел көлемінде өткізуге бір кісідей атсалысты. Кейін «Жарылғап батыр» қорын негіздеді. Бұл қордың атқарып отырған жұмысын тізбелемей – ақ қоялық, оның бәрі елдің көз алдында.
Ағамыздың алдына талай рет болдым. Сабырлы, кең қолтықтығынан бір де айнымайды. Қашан барсаң да құшақ жая қарсы алады. Туған елінің тынысын сұрайды. Сөйлеп бергенде сужорғадай тайпалап береді. Қисынының мықтылығымен тәнті етеді. Кей сәт Қаздауысты Қазыбек бабама ұқсатып жіберем. Абайдың өлеңін қойып, қара сөзін жатқа оқығанда еріксіз «аузыңды ашып, көзіңді жұмасың».
Ал өзі айтады…
Менің саясатым – құрылыс деп.
Бүгінде Аманкелді ағамыз «Алматықұрылыс» холдинг компаниясының президенті. Оған да он жылдың жүзі болыпты. Компанияның салып келе жатқан кешенді құрылыстарының барлығы бірдей дерлік Алматыда орналасқан.
Елордамыздың Астанаға ауысуына байланысты мұнда да іргелі құрылыстарға атсалысты. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Істер басқармасы, Бас прокуратура, Әділет және Қаржы министрліктері және басқа да тапсырушылар үшін көлемі жүз мың шаршы метрді құрайтын қайталанбайтын ғимараттар қатарға қосылды. Сондай -ақ Елордада қуғын – сүргін құрбандарына арналған кешенді монументті тұрғызды. Бірқатар көшелерді қыздың жасауындай ретке келтірді. Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің ғимаратын бүгінгі заман талабына сай қайта жарақтандырды. Мұнан басқа Атырау қаласында бірегей іргелі құрылыстар тұрғызды.
Аманкелді Дінұлы үлкен саясатта да өзінің қалмандығын танытып отыр. Елбасының серіктесі ретінде еліміздегі ең ірі саяси күш болып табылатын «Отан» партиясына басшылық жасауда. Қысқа мерзім ішінде еліміздің негізгі саяси күшіне айналған отандықтар халықты өз маңына топтастыра білді. Оның ел игілігі үшін, еліміздің ертеңі үшін атқарып жатқан жұмыстары қалың жұртшылыққа жақсы таныс.
Үлкен ауқымды осынау қайраткер ағамыздың ел алдындағы еңбегі өз бағасын алып отыр. Кеудесінде «Халықтар достығы» және «Парасат» ордендері жарқырайды. Тізелеп барып қайтқан мәдениетіміз бен өнерімізді тіктеуде сіңірген қайраткерлігі үшін Елбасының «Мәдени және гуманитарлық саладағы қайырымдылық және демеушілік» дипломымен, сондай-ақ Халықаралық ақпараттандыру академиясының Алтын медалімен марапатталған. БҰҰ жанындағы Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі атағы да асыл ағаның асқақ тұлғасын айбарландыра түседі.
Бүгінде ағамыз 60 жасқа толып отыр. Ол кісіні әлі талай биіктерден көрерміз. Бірақ Аманкелді ағамыз өзі айтқандай қашанда құрылысшы болып қала береді. Өйткені таңдауы жасампаздық болатын.
Бүгінде Жарылғап бабасына ескерткіш орнатсам ба деген қарекет соңында жүр. Ол да ел рухының рәмізі болса дейді. Ол ескерткіштің орыны, бәлкім, кеншілер астанасының қақпасы болар, бәлкім…
Жамиғаты Аманкелді ағаны Қайраткер, Саясаткер, Құрылысшы, Меценат, Август, Третьяков, Атымтай Жомарт, Академик, Рух іздеушісі, Ұлт жоқтаушысы деп біледі.
Ал мен Аманкелді ағамды жолықтырған сайын Алтын Адамды есіме аламын.
2004.
ІІ.
ДЕГДАР
(Жетпістің ұшары)
Аманкелді ағамыздың бұл жолғы жетпісжылдық мерейтойы өзгеше өтті. Қоластындағыларының біреуінің қоңырауы жетіп жатыр еді.
Бұл жолы тізімдеп шақырыпты. Делегация болып баратын болыппыз. Он шақты адамбыз. Аяғымызды жерге тигізбей алып барды. Сыртынан ішке үңілсең ештеңесі көрінбейтін шегесі жоқ, кірпіші жоқ – шынықұрылыс зәулімде өтті. Ел жақында ғана осында Сара Алпысқызы апамыз өзінің жетпіс жылдығын атап өтті деп көпіртіп жатты.
Бір дұрыс жерден орын бұйырды. Өзіміз көрінбесек те өзгелерді көріп отырдық. Кімдер ғана жоқ дейсіз?! Жездеміз бен апамыздан басқасыынң бәрі болды-ау деймін.
Тойды ағамыздың өзі ашты. Өзі ашты да үш жүздің абыз ақсақалдарына сөз берсін. Бәрі де дайындалып келген ғой. Сөздері жатық шығып жатты. Оларға алтын тінді әппақ шапандар жабылып жатты. Біреулер соны қызықтады.
Ал біздер болсақ Үзақбай Қарамановтың айтқан сөзіне байланып қалған едік.
– Жұмыста отыр едім, нөл бір қоңырау шалды, – деп бастады тілегін ағамыз, – мен лайықты кандидатураны таптым десін.
– Кім? – деп жатырмын.
– Ермегияев!..
– Қуанып кеттім. Басқасын білмесем де ағамызды білеміз ғой. Айтып жатырмын. Ағамыздың шашбауын көтеріп жатырмын.
– Сен кімді айтып тұрсың? – десін нөл бір.
– Аманкелді ағаны…
– Мен Талғатты айтып тұрмын…
– Талғат бауырымыз ЭКСПО Президенттігіне осылай келіп еді, – деп жалғады сөзін…
– Мұнан былай Елбасымыздың бірінші досы Талғат Аманкелдіұлы!.. – деп аяқтасын сөзін.
Бұл бір керемет сөз еді.
Алайда онда қатер де бар еді. Көре алмаушылық деген…
Өкініштісі кейінгісі шынға шықты.
Соңы қудалауға ұласты.
Әкесінің соңына түсті…
Баласының соңына түсті…
Ол да түк емес, немерелерін түртпекке алды…
Әлі сол қудалауда…
Сол мерейтойында Аманкелді ағамыздың өзі де сөйлеген. Өзін құрметтеп жатқан жұртқа ризашылығын білдіріп:
– Кеше жұрт Талғатты Аманкелді Ермегияевтің баласы деп білді, енді мені жұрт Талғат Ермегияевтің әкесі деп біліп жатыр. Әкеде мұнан артық бақыт болмас, сірә…– деп бір қайырып тастаған.
Ағамыздың сол бақыты ұзаққа ұзамады…
Басқаларымыз болсақ сынып кетер ме едік, ағамыз болса өз қалпын бұзбады.
Одан бермен де бес жыл өтіпті-ау. Жетпісінің бесеуіне жер-көктің адамын жинамады. Есесіне өздері келді. Шақыртусыз.
Мұнан үлкен бақыт болмас…
2019.
ІІІ.
ТЕРІСАҚҚАН
(Сексеннің сеңгірі)
Қазақ даласы ойдым судан әлі арыла қойған жоқ. Топансудың екпіні де қайтпай тұр. Тұтастай ауылдар, аудандар суға кетті. Малтығып жатқан облыстарымыз да баршылық.
Жұрт көліктерінен түсіп, қайықтарға иек артып жатыр. Қоянның ақ жұты жалқұйрықтарымызға бықпырттай тиіп еді, ұлудың көк жұты керексіз болып қалған арандарды бұзылмаған маясымен ағызып кете барды…
Бізде ақпай жатқан ештеңе де жоқ. Бәрі ағып жатыр. Мәшинеміз де, тракторымыз да, үйіміз де…
Жаяу Мұса бабамыздың кебін киген жайымыз бар…
Дегенмен ақпайтын да жайттар болады екен. Таза ақпайды емес, ағады. Бірақ теріс ағады.
Терісаққан…
Біздің Арқада сондай өзен бар. Елдің айтуынша заманында ол да барлық өзендер сынды оң аққан. Қандай себебін кім білген, орта жолдан қайырылып кері аққан дейді.
Оң аққан өзендердің жұртқа келтірген зарарын көріп отырмыз.
Ал Терісаққаннан ондай зарарды кім шегіп отыр?..
Кімге қалай, топансуға байланған жұрттың жадында осы Терісаққан тұрды… Бұл, әрине, талқармау еді.
Бәлкім, Терісаққан дұрыс ағып жатқан болар?!
Терісаққан!..
Бұл есті сөз!
Бұл тежеу сөз!
Бұл сөзді естіген қазақ баласы еріксіз ойланып қалады.
Соңынан барып осы бір сөзде ерекше бір тылсым күштің барлығын мойындайды…
Ал менің ойымда Аманкелді Дінұлы ағамыз тұрады!
Ол да әуелі дұрыс аққан!
Барша жұрт сынды оңға аққан!
Аққанда да екпіні қатты еді!
Көш басында жүрді!
Мәскеуде оқыды. Үлкен құрылыс алаңдарына жетекшілік жасады. Алматының бет-бейнесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Астанада да ол кісінің құрылысымын деп айқайлап тұрған сәулет туындылары жетерлік.
Құрылыс министрі де болды.
Ең соңында Біріншімен қатар тұратын жайға жетті!
Партия көсемі болды!
Ел бір жылымық тосқан…
Сол жылымық келді…
Біреулер сезді…
Біреулер сезбеді…
Ағамыздың теріс ағуы осы тұс!
Таза ұмытылуға шақ қалған айтыс өнеріміздің жаңа қарқын алуы осы тұс!
Солайынша ата-бабаларымыздың тіл кеспек жоқ деген ұстанымы қазақ даласына қайтып оралды!
Сол айтысымыздың қайтып оралуына күш салған шоң жанның сомы – осы Аманкелді ағамыз. Өз қалтасынан қаражат шығарып қоймай, өзі басқарып отырған партиясын да жекті.
Айтыс өнеріміз жаңаша түледі. Айтыс болған күні барша қазақ баласы көксандықтың алдында отыратын болды.
Өйткені онда жаңашылықтың лебі бар еді, жасампаздықтың лебі бар еді, тұмшаулы дүниелеріміздің барлығы ашыла бастаған.
Жер жастануға шақ қалған рухымыз қайтып бас көтере бастады.
Шындықты ешнәрсемен бүркеп қалуға болмас. Күндердің күнінде ол бәрібір ашылады.
Шындық қашанда қауіпті болған! Сондай шындықтар сахна төрінен айтыла бастаған. Сөйтсек бізге дос жан жоқ екен. Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ екен. Мәңгілік доспыз, мәңгілік елміз деп жүргеніміз құр сандырақ екен. Әрине, мәңгілік жау да жоқ, мәңгілік дос та жоқ.
Қоғамымыздың өзегіне жылымқұрт болып түскен жемқорлықтың айтыла бастауы да осы тұс.
Қоғам мұндай жағдайда қомағайлана түскен. Олар енді сөзден іске көшуді талап ете бастаған. Жұрт енді айтысқа үрейлене қарайтын болған. Не болар екен деп. Болғаны сол Біріншімізге тиісе бастадық…
Содан бері айтысымыз бірде ашылып, бірде жабылып келеді…
Содан бастап Біріншіміз халқынан алыстай бастаған еді…
Алыстағаны сол жанында жүрген ең жақын жандарды өзінен алыс ұстады. Қазақ баласының көсегесін қалай көгертеміз деп келген бір топ жасты қолдарына тал беріп, топансуға ағызып жіберді…
Мұндай кепке, әрине, Аманкелді ағамыз да ұшырады.
Сөз жоқ, Аманкелді Дінұлы ағамыз үлкен саясаттың адамы.
Ең бастысы халықтың ұлы еді!
Әу басқы саясатынан айныған жоқ.
Ол кісінің саясаты – құрылыс, әрине!
Жасампаздық, әрине!
Сол саясатынан бүгінде айнымай келеді…
Сатқындық заманы да сол тұстан басталды.
Ұлт сатқындығына дейін бардық!..
Көше беріп, ұлықтағанымыздан айнығанымыз түк емес…
Қала атауын беріп, қайтып алдық…
Ескерткіш соғып, өзіміз қираттық…
Аманкелді ағамыз көктің тұқымы.
Кешегі Арғын Мейрамның бес баласының қолын бастаған Көкбөрі Керней Жарылғаптың жұқанасы!
Мұндай тұқымның ізсіз жоғалып кетуі мүмкін емес еді…
Сөзіміздің дәлеліндей оның үміт артқан баласы Талғат ініміз әке сайрағына түскен еді!
Ол да Терісаққан еді!
Ол да әне-міне дегенше министр болып шыға келген!
Сол баламыз Лондон Олимпиадасында жаһанға қазақ жұртын танытты, сол олимпиадада аспаннан алтын жауып еді-ау! Солайынша Лондон олимпиадасы Қазақстан олимпиадасына айналып еді-ау!
Сөйткен баламызға Біріншіміз экспоның құлағын ұстатқан!
Бұл құлақ естіп, көз көрмеген жаңалық еді!
Бір сәтте-ақ баласы әкесінен асып түссін!
Аманкелді ағамыз бір табақтан ет жесе де Біріншімен дос бола алған жоқ.
Ал Талғат ініміз Біріншіміздің бірінші досы болды!
Бұл, әрине, біраз жұртты ұйқысынан айырды!..
Қалғып жүргендердің ұйқысы шайдай ашылды!
Шынымызды айтсақ бұл жаңалыққа бола бөркімізді аспанға ата қоймағанбыз. Өйткені Бірінші өзінің бірінші орынбасарын сатып жіберген болатын…
Күткендегіміздей болды.
Тіпті, асып түсті. Кемі Еңбек Ері атанатын шығар деген ініміз темір тордың әр жағынан бір-ақ шықты!
Тобырда ақыл болмайды деген рас екен, сол тобырдан тұлға шықпады!
Тіпті, сауға сұрап шыққан жан да болмады…
Сөйтіп, еліміздің ертеңі бола ма деп дәмелендіріп қойған ініміз он төрт жылды арқалап кете барды!
Ол сотта сатқындыққа бармады!
Өзін сатқандарды ар сотына қалдырды!
Сотталмауына да болушы еді!
Біріншінің аяғын жалап, кешірім сұрағаны жетіп жатыр еді!
Алайда ініміз оған бармады!
Талғаттың осынысы көп жұртты ұйқысынан оятты.
Ол да өзінің Терісаққан екендігін көрсетті!
Темір тордың әр жағында жатып та Біріншіні күстаналамады!
– Міне, еркек! – деді жұрт.
– Міне, Көшбасшымыз! – деді жұрт.
Сол Көшбасшымыз көшімізді бастағанның орнына күндеде отыр.
Айтпақшы тап сол мерзіммен тағы бір ағамыз үйқамақта отыр.
Ол – Аманкелді Дінұлы ағамыз!
Міне, сегіз жыл болып қалды.
Ағамызды еш жерден көрмейміз…
Былтыр Алматының ығайы мен сығайын жинап ас берді. Алғаш бетте осынау ас та төк асты ата-бабаларына беріп жатқан болар деп ойлағанбыз.
Жоқ, қазақ баласының аруаққа шыққан ұл-қыздарына беріп жатыр екен.
Ойланып қалғанбыз…
Осы теріс ағып жатқан ол кісі емес, өзіміз емеспіз бе деп…
Айтпақшы бұл көктің тұқымы үзіліп қалған жоқ.
Ендігі кезек немерелеріне де тиген.
Бір немересі Еуропаны көктей өтіп, Әмерикаға өткен.
Сондағы әскери академияда білім алды. Трамптың тақтойына қатысқан бір қазақ баласы болса осы баламыз деп білеміз…
Академияны үздік аяқтады. Сол жақта қалуға да болатын еді.
Қалмады. Еліне асықты…
Сол баламыздың ендігі генерал болатын жайы бар еді…
Взвод басқаруға да бейіл еді…
Өкініштісі қатардағы жауынгерлік орын да абылмады!..
Сөйткен ағамыз сексен деген жасының табалдырығында тұр…
Сөз тиіп жатса сексен деген жасының биік мінберінен:
– Мен Сіздермен біргемін, Ағайын!.. – дер еді.
Өкініштісі…
Сіз бен біз соны айта алмай отырмыз-ау…
23.05.2024.

Басқа жаңалықтар

Back to top button