Көкбөрі Керней | Желмен жарысқан үш бала
Мақалалар

Желмен жарысқан үш бала

Түнделетіп автобуста тербеліп келемін. Алакөлеңке көлік ішінде жұрт қатары сирек. Әркім өз ойымен өзі. Радиоладан сыңситын мұңды әуен көңіл елегзітіп, тысқа көз тігесің. Жыпырлап, төбеде жылтылдаған қала оттары Құс жолындай еліктіріп, қиял қияға самғайды. Ең асыл, ең аяулы сәттер сол кезеңде қалғандықтан ба, бір мезет алыстағы балалық шақ елестеріне сүңгимін. Міне, көз алдыма көкорай шалғында ақ жейделері желбірей жүйткіген Төрехан мен Дәулет ағаларымның кескіні келді. Қызық, жер орта жастан асқанда осыларды жиі ойлай бастаппын…

Қарап отырсам, үшеуміздің өміріміз ертегіге ұқсап кетеді. Бір жағынан, күлкілі де сияқты: «Баяғы заманда бір кемпір мен шал өтіпті. Олардың үш ұлы бар екен. Күндердің күнінде әке-шеше дүниеден озған соң балалар кәсіп іздеп сапарға шығады. Келе жатса бағыт тарамдалып үшке ажырапты. Алдыдан кезіккен жалпақ тасқа: «Ей, ағайындылар! Үшеуің бірге жүрсең жолдарың болмайды» деп таңбаланыпты. Бұл нұсқау бой түршіктіргенмен, бағынбасқа лаж жоқ, бауырлар селтиіп біраз тұрғаннан кейін тұс-тұсқа бөлінуге мәжбүр болады. Шіркін, туыс деген қандай, содан үшеуі құшақтасып жылап айырылысады» деп келетін әпсана тура біз туралы айтылғандай.

Кеншілер қалашығында іркесе-тіркесе өскенімізбен әрқайсымыз есейген тұста тірліктің ию-қию, сан тарау бағдарымен бөлек-бөлек кеткеніміз рас еді. Үшеуіміз, дегенмен, қым-қуыт өмір белестері алдында өз-өзімізді іздеп, ұзақ толғанғандаймыз. Сыртымыз тыныш көрінсе де, ішкі арпалыстың асау толқындары буырқанып көп тулаған секілді. Ес біліп, етек жиғанша-ақ әрқайсымыздың небір өткелекті бастан кешіп үлгергеніміз де анық; аты Одаққа белгілі өндіріс ошағының алуан ұлттан құралған жастары өте тату еді деу қиын, күнде қырықпышақ болмағанмен, мұндағы әрі отыр, бері отырдың тартысы жиі қайталанғаны өтірік емес. Қызуқандылықпен біреу ә десе мә деп отқа қойып кететін албырт шақта маңдай тасқа тиіп опынған кездеріміз баршылық-ты. Күрделі тағдыр-тәлейдің иғаш-қиғаштығы да заңдылық шығар, дауылды-жауынды құз-жартастарда тайғанақтап, қауіпті асулардан өтіп ой түйгендейміз.

Осылайша біршама ересек ағаларым кезегімен жоғары оқу орындарын бетке алыпты. Кейінірек Төреханның Алматыдағы Қазақ Политехникалық институтына түскенін білдік. Арада жыл өткенде сол Алатау бөктеріндегі әсем қалаға барып қайтқан үлкендердің бірінің: «Әкімжанның студент баласын көрдім. Зор қарағаштың түбінде төплиін бұтаққа іліп қойып, қос қолын жастанған күйі жанындағы үш-төрт жолдасына пәлсапа соғып жатыр екен» деп келгені есімде қалыпты. Келесі маусымда Дәулет те Қарағандының Политехника институтына қабылданады. Оны каникулға келген кезінде байқадым, поселкенің биік үйлері тасасынан сигаретін шиырып шыға келгенінде: «Е-е, жігіттік деген осы екен!» деп таңырқағанымды білемін.

Алайда бұлардың екеуінің де көп ұзамай әжептәуір еңбекпен түскен оқуын тастағаны туралы хабар талайға дейін ағайынның у-гу сөзіне азық болды-ау. Одан көп ұзамай Төреханның Қарағанды университетінің – филология, ал Дәулеттің КазГУ-дің журналистика факультетіне ауысқаны көпшілікті тағы қайран қалдырғаны түсінікті.

Мен суретшілікке талаптанып жүруші едім, бірауық бұлталақтан кейін бәрін қойып әскер қатарына кетіп, шет ел астым.

Одан оралған соң да едәуір сенделіп, ақыры сонау журфакқа табан тірегенімде соңғы курстағы Дәулет Мақаштың жатақхана коменданты Любовь Шаламаймен әңгімелесіп отырған үстінен шығыппын. Есі қалмай, мәз бола қауышқан соң қалжыңбас ағам әлгі апайға:

– Менен құтыламын деп қуанып жүр едіңіз, міне, інім жетіпті. Енді сіздің қалған жүйкеңізді осы тоздыратын болар, – деп әзілдеді.

Ал бұ кезде оқуын түгескен Төрехан Майбас кәнігі газет қызметкеріне айнала бастаса керек.

Кейін пайымдасам, үшеуіміздің журналистика әлеміне ыңғайлануымыздың бір сыры, расында да, анау ертектегідей кемпір-шал маңынан жиі табылуымыздан сияқты. Төрехан бертініректе: «Мен шалдың баласы едім. Атамның тәрбиесін алдым. Қырық бесіме дейін ауылдан ұзамадым. Өмір бойы ескі әңгімелерді, әпсана-аңыздарды жиыстырдым. Осының барлығы мені жазушылыққа алып келді» – деп ағынан жарылды.

Дәулеттің әдеби псевдонимі «Әжин» еді. Яғни, ол – әжесінің баласы-тын. Мен де көбінесе үлкен әке-шешенің қолында өсіппін. Сондықтан да шығар, қаршадайдан жұрттың мұң-мұқтаж, қайғы-қасіретіне жуықтау екенбіз.

Иә, сирек кен өндіретін дулы қалашықта есейсек те, іргедегі жаз жайлауымыз – ата қоныстан ажырамаппыз. Төрехан титтейден шахтерлер кентінен бір көштей күнгей тұста жатқан Қарабұлақтан, өзім қарсы бөктердегі «Оныншы ауыл» – «Ақшатау» совхозынан шықпаппыз. Дәулет қалт етсе қиыр беттегі Сарытерек жаққа жөнейтін. Сонда үлкендердің аузынан еститін әңгімеміз, негізінен, патша армиясына қазақтан солдат алудың шырғалаңы немесе елге қызыл әскер келіп ақтар қашқандағы дүрбелең, одан репрессия мен аштық зобалаңы, алапат майданға қатысты сөз екен. Былайша айтқанда, жанрлық беллестристика мен эпикалық трагедияның қоспасы іспеттес тұңғиық әңгімелер.

Аталған ауылдар – атақты поляк жиһанкезі Адольф Янушкевичтің кітабында баяндалатын Әлтеке-сарым, Кәрсөн-керней елінің екі-үш қана қонысы. Бәрі бір атадан тарайтын ағайындар. Жазушы суреттейтін 1800 жылдардың екінші жартысында әлгіндей аласапыраннан аман, сән-салтанаты жарасқан жамағат екенбіз. Мысалы, саяхатшы: «…ұйқыдан оянысымен Кәрсөн-кернейлерді бетке алдық. Жолай қаптаған бейіттің тұсынан өткенбіз, кейбірі өңкиген алып екен. Көшке жолықтық, түйедегі әйелдер тізбектеліп келеді; әлдебір келіншек керемет шеберлікпен тігілген күреңқызыл шалбар киіп алыпты. Қара түсті селдір желбегей жамылған сұлу қыз саусағындағы сақиналары мен белбеуіндегі кілттері жалтылдап, кер бестісін сылаңдата жүйіткіп барады. Түйе үстіндегі кебежелерден бүлдіршіндердің маңдайы жылт етіп қалады; ал кішкене ұлдар атқа мініпті. Қырық шақырымдай жүрген соң Нұра өзенінің жағасындағы Қаражал жайлауына аялдадық. Ел билеушісі – Есберген. Он екі қанат киіз үй жайнап тұр: таза, жасау-жабдығы мол. Бізді Суханәлімов түстікке шақырып, ыстық таба нан мен таңқурай шырынын алдымызға тартты, әсіресе, таң қалдырғаны – биылдыққа татып көрмеген картобымыз бар екен. Михал Тобылдан бізге деп бірнеше бөлке нан мен бір құты тосап жіберіпті» – деп жазады. (Янушкевич А. «Дневники и письма из путешествия по казахским степям». Пер. с польского Ф.Стекловой. Алма-Ата, «Казахстан», 1966. с. 242).

Дүниеге 1907 жылы келген апам марқұм да:

– Ертерек замандарда биені үйірімен байлайтынбыз. Балауса жас кезіміз. Сабаның үлкендігі сонша – сыртта, үй іргесінде байлаулы тұрады. «Тайжүзген саба» дейді оны. Іште отырып сыртта өтіп бара жатқан аттылы біреудің дыбысын естісең қайта-қайта: «Бұ қайсың-әй?! Мына сабаны пісе кет!» – деп дауыстайсың. Олар кімі болса да, қайырылып келіп, месті ат үстінде тұрып пісіп кетеді. Ыдыстың биіктігін де содан-ақ байқай беріңіз. Қант-шайды қаладан алдырамыз. Ат-арбамен әкелетін қанттың мөлшері кісі бойындай. Әрқайсы елу-алпыс келі тартады, – деп әңгімелеп отырар еді. Ал арада біраз өткенде осынау бақуат тірліктің ту-талақайы шығып, әлгіндей апалаң-топалаң басталыпты. Жаңа өкімет бай-құлақты тәркілеу кезінде өңірдегі кейбірі он мыңдап жылқы ұстаған ауқаттылардың малын жоқ-жітікке таратудың орнына сай-саланы қанға бөктіріп пулеметтің астына алған көрінеді. Мұнымен де тоқталмай, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қатардағы шаруаның да төрт түлігін сыпырып алса халық аштан қырылмай қайтсін. Базбір әкелеріміз сол 1930-1932 жылдарғы нәубетте есеңгіреп, әжептәуір шалғайдағы Қарағандыға қарай сүйретіліп жаяу босқан сәттерінен там-тұмдап сыр ағытатын-ды. Талай адам жолда үзіледі. Сондағы жәйттердің жайын түбегейлеп сұрай да түспеппіз ғой. Оның алдында «халық жауларын» қудалау басталғаны белгілі. Ауылымыздан шыққан академик Шәрбану Батталова апайымыз: «Менің әкем Баттал, Диа қажы, Бағай аталарым бастаған жеті-сегіз кісіні бірінің желкесіне бірін қаратып қойып жалғыз оқпен атқан екен» – деуші еді. Кейін сараласақ, құрбан болғандардың көбі ұлттың бетке ұстар тұлғалары – көкірегі даңғыл ақын, жыршы-күйші, елім, жерім деп егілген ардагер, ақылман адамдар екен.

Қазақ даласында мұндай зұлматтың бұрын да дүркін-дүркін қайталанып отырғаны тарихтан мәлім. Кезінде жер-жерді жаяу кезіп жүріп карта жасаған атақты географ, геолог Молдияр Серікбай ақсақалдың айтуынша, халық тіпті анау Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламадай үргін-сүргінді ертеректе де екі-үш мәрте өткеріпті. Демек, жымысқы күштер бұл елді құртуға ежелден әрекеттенген. Әсіресе, расында, тұтас халықты аштан қыру алғаш қандай жауыздың ойына келді екен, әйтпесе бір кісіні ғана үш-төрт күн нәр татырмай азаптау пиғылының өзі жан түршіктірмей ме! Бәлкім, бізді қаламгерлікке бейімдеген осындай қасіреттердің мәні шығар. Үштен екіге жуығы жойылып, санасы сансырап, тамтығы ғана қалған қауымның алмағайып заманаларда жоғалтқан рухани қазынасын түгендеуді перзенттік борыш санаған болармыз. Әйтеуір, Төрехан ата-бабаның шашылған бір сабақ жібіне дейін қалдырмай жинауға ерте бекінгендей. Бұл бағытта ол жастайынан абыз қарттарды жағалап, ел жадынан өшуге айналған түрлі шежірелік аңыздарды тірілтіпті, өлке риуаятын жаңғыртыпты. Ұмытылған қаншама асыл сөзді ортаға әкеліпті. Өңірдің ертедегі көптеген ақындары мұрасының архивте қалған жұрнағын жиыстырумен бірге ұзақ жыл табаннан таусылып көкірегі сәулелі қариялардың аузынан тірнектеп жазып алып, баспадан шығарыпты. Елдің тасада қалған біртуар билері мен батырларының портреттері галареясын кестелепті.

Фольклортануға әуестік пен шексіз жәдігерқұмарлық оны этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбек ағасына қосады, жергілікті қаламгерлер Кәмел Жүністегі мен Өмір Кәріпұлымен табыстырады. Сөйтіп өзі де біртіндеп халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, сондай-ақ ескі кітаби тіл саласының білгіріне айналады. Айталық, туған жеріміз Ақшатаудың атауы «Ақша отау», яғни, сонадайдан жарқырап көз тартқан ақшаңқан үй деген ұғымнан шыққанын әуелі осы Төрехан мен Дәулеттің жазбалары арқылы біліппін.

Әне, сол «жалғыз шаңырақ» ақырындап ірге кеңейтіп, келе-келе үлкен қалашыққа – аты дүркіреген әйдік өндіріс ошағына айналған секілді.

Осынау дүбірлі кентте сотты болған кей ағаларымыз туралы балдырған шақта еститінбіз. Базбірінің өмірі, тіпті, абақтыда өтіпті. Көпшілік жерлес бұларды әлі күнге дейін қылмыскер санайды-ау. Біз де осы «ысқаяқтардың» аты естілсе тіксініңкіреп қалар едік. Алайда, істің егжей-тегжейін екшей келе, солардың, әсілі, тоталитарлық жүйе «достық», «жебеушілік» деп уағыздаған отаршылдық бұғауына көнбей, елдік намыс жолында күйгенін түйсінесің. Міне, мұндай өте қайшылықты жәйттердің де мәніне үңіліп, әлгіндей «басбұзардың» жан әлеміндегі әбігерді проза тілімен айшықтауға ұмтылыппыз.

Әдетте, кесапаттың көбін патшалық Ресейдің қысымынан, сталиншілдік пен бертінгі сыңарезу саясаттан көретініміз рас. Өйткені, шынында, нешеқилы қиямет үсті-үстіне сол тараптан келіп жатыпты. Десек те, түрлі бұрмалау өз ішімізде де баршылық сияқтанады. Мәселен, ертеректе қайсыбір тарихшылардың Қазақ елінің мемлекеттік негізін қалаушы тайпаларды тізе келіп, атам заманнан сайын даланың қақ ортасындағы ең ауқымды облысты жайлаған ірі руды атамай өтетініне таңданғаным бар. Иә, кәдімгіше, мұнысы қалай, сонда бұлар жан беріп, жан алысып ел іргесін нығайтқан шешуші кезеңдерде ай қарап жүрген бе… Әйтсе, кейін солардың арасынан жаужүрек батырлар, айтулы мемлекет қайраткерлері, танымал ғалымдар, дарынды ақын-жазушылар мен өнер жұлдыздары қалай шыққан деп ошарылмайсың ба…

Әйгілі саяхатшы, төрткүл дүниеге мәшһүр «Әлемнің әралуандығы туралы кітабының» авторы Марко Поло еңбегімен студенттік шақта танысыппын. Ол бір жазбасында айрықша тоқталып, сонау «елеусіз» руды жоғары бағалайды. Сөйтеді де: «Бұл қауым атауының французша мағынасы – Guasmul» – деп түсіндіреді. («История монголов». Книга Марко Поло (фрагменты). – М.: АСТ: Астрель, 2011. Ст. 369).

Осы «жұмбақ» сөздің мәнін көп ұзатпай француз және итальян тілі мамандарынан сұрастырған едім. Білікті аудармашы апайымыз: «Мұның тура мағынасы – тарпаң. Яғни, автор әлгі атауға екпіні бет қаратпайтын асау, жауынгер халық ұғымын сыйғызған. Оның себебі, уақытында ғұндар көсемі Еділ қағанның бүкіл Еуропаның, неліктен екенін, әсіресе, Италия елінің төбесіне әңгір таяқ ойнатуына байланысты болар» – деп түйді.

Дау жоқ, Поло өз кітабында әлгі тайпаны асыра дәріптеуі ықтимал. Міне, осындай жәйттер кейбір ықпалды ағаларымыздың қытығына тиді ме деген ой келеді. (Жоғарыда М.Поло сипаттамасын сөзбе-сөз келтіруден тартындым. Онда, шынымен, кей бауырымыз шамданып қалуы ғажап емес).

Өкініштісі, бертінгі жекелеген жазбагерлер де анау «түпнұсқа» тұжырымды айна-қатесіз көшіріп жариялап жүр. Манағыдай «ақтаңдақты» ескермейді. Енді келесі буын ұрпақ та осы «үрдісті» қайталай берсе жаңағы рудың орны жылнамадан біртіндеп мүлде өшпей ме?! Және ел шатасады.

Осы қиянат Төреханның намысына тигендей – жақында оның «аталмыш» елдің тарихтағы ролін қызына баяндағанын байқадым. Бірақ: «Төке, бұл бізді де қынжылтқан жәйт еді, мәселе дұрыс көтеріліпті» деп құптап үлгермеппін. Қазір ғана еске түсіп отыр…

Әрине, біз туған елдің мұңын мұңдағанмен аса жершіл де, әсіре ұлтшыл да емес едік. Қарап отырсам, үшеуміз тырнақалды мақалаларымызда-ақ Ақшатауға әрқалай тәлеймен сырттан келуші ағайынның жақсылығын бағалауға талпыныппыз. «Әркім сыйлағанның құлы» дегендей, ықыласы түзу жаранға жайылып түсетін әдетіміз ғой – тұрғылықты халықтың Серафима Сергеевна деген дәрігерді пір тұтқаны ойға оралады. (Жаңылмасам, тегі Ян болу керек). Не кереметін, құдайдың құдіреті, бұ кісіні жетекші мамандардан бастап шалғайдағы малшыларға дейін бек құрметтеп, аңыз қылатын. Жүзінен – нұр, жүрегінен мейірім шуағы төгілген сол аяулы жанды әлі де емірене айтатындар бар. Сондай-ақ Величко деген тіс технигін ерекше қадірледік, поселке мен Қарағанды арасында қос қанат «АН-2» самолетімен кісі тасыған ұшқыш жерлесіміз Володяны мақтан тұттық…

Айтпақшы, кезінде шым-шытырық жолдармен жан-жаққа кеткен ағайынды үшеу жылдар аралатып аудандық, облыстық газетте бас қосып тұрыппыз. Кейін түрлі республикалық басылымда қанаттаса еңбек еттік. Баспасөздің ауыр жұмысы арасында көркем әдебиетке ден қойдық. Жиырма жасында: «Шырқап бір сазды қараторғайлар тау-талдан, әнімен тербеп даланың мына өзін де. Дүбірлеп келіп киіктер шықты жалтаңнан, сұлулық – тана көзінде» – деп «Жалын» альманағында топтама өлеңімен жарқ еткен Төрехан уақыт өте прозаға ауысты. Бұған қоса саналы түрде этнологияға, елтану саласына түрен салыпты. Өйтетіндей жөні бар сияқты. «Шежірешінің құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» демекші, оның сұңғыла зерттеушілік бейімі де ертеден аңғарылғандай. Және «мұны өзім атқармасам болмас» дейтін алашордашылардың жанкештілік үрдісімен еңбектің ең ауыр жолын таңдапты. Қажыр-қайратты қастерлі елдік мүддеге көбірек жұмсауға бел буыпты. Әйткенмен, екі қолды қайда жеткізе берерсің, журналистиканың зіл-батпан жүгі күш-жігерді сығып алар еді. Сөйткенмен, ол тынымсыз баспа ісіне жегіле жүріп суреткерлік туындыларымен қатар терең танымдық бағыттағы көптеген кітаптарын берді.

Дәулеттің де мойны газет «қамытынан» босаған емес-ті. Қай-қайсымыз да әр кез қара мақала жазуға мәжбүртінбіз – жұмысың сол. Шегетінің – қу бейнет. Бірақ тірлігіміздің мәні де осында-тын – бақытты шығармашылықтың азабынан тауыппыз…

Жасырақта редакцияда кежегең кейін тартып, ештеңеге зауқың соқпай «зерігіп» отыратын сәттер кездесетін. Екі ағам мұндайды ұнатсын ба, әсіресе, Дәулет шыдамайды:

– Өй, неге отырсың?! Мынауың не? Бар кет, объектілерге жөнел. Ел-жұртпен жолық. Жаз! – деп қуады. Жас балаша аузын бұлтитып, қабақ түйе, көзінен от ұшқындап: «Қызық-ей! Текке отырып, шалбар тоздырғанға мәз!» – деп бұрқылдап ұрсып жүретіні күлкі шақырады.

Ашуланатындай-ақ бар. Есіл уақытты ысырап қылу қай қисынға сыйсын. «Жүргенге жөргем ілігеді» дегендей, бір мезгіл кәсіпорындардың қыз-қыз қайнаған өміріне аралассаң саналуан мамандық құпиясының ұңғыл-шұңғылына көз жүгіртесің, сондағы істің қалтарыс-қырына үңіліп, ой-өрісің кеңейеді. Сөйтіп жазу үстінде өзің де өсіп, ширайсың, ішкі мазмұның байиды. Мазалаған көп түйткілдің жауабы табылады. Ысылып, тәжірибе шыңдайсың. Әмбе әр мақалаңа әжептәуір қаламақы төленбекші. Міне, осының бәрінен өз еркіңмен бас тарту ақымақтық болып шықпай ма.

Ал Төрехан «Жазбау – қылмыс» деген қағиданы санаға сіңіріпті. Былайша айтқанда, көкейдегі көрікті ойды, түйген тұжырымды қағазға түсіруге міндеттісің.

Осындайда қаламгер мен кенші жұмысының ұқсастығы туралы ой туады. Үшеуміз оқудан оқуға ауысатын тұстағы әлгіндей «өліара» кезеңдерде Ақшатаудың шахталарына да бір-бір соғып, жұмыс істеп кетіп жүріппіз. «Диірменде туған тышқан дүбірден сескенбейді» дегендей, кеніш маңайында туып-өскен балаларға мұндағы іс онша бөтен емес-ті.

Шахтер жер қойнауынан асыл қазына іздесе, жазушы да інжу-маржан сырды халықтың жан-жүрегінен сүзеді. Төреханның айтатыны сол секілді – туған өлкенің ризығы елге бұйыруға тиіс болса, сен де жиған-терген рухани олжаны әлеуметтің өзіне қайтаруың шарт. Оны іркіп, жасырып қалуға ешбір қақың жоқ…

Айтылған ақылды жүре тыңдайтындай түр танытқанмен, қалтқысыз қамқорлыққа іштей бас иер едім. От пен суға түсірмей қақпайлап, үйлеріне қондыра жатқызып жүретін екеуі небір еркелігімді көтерді-ау. Сондағы жеңгелерім де бетіме жел боп тимепті.

Қара нар ағаларым, қаншалықты ауыр екенін біле тұра, адалдық жолынан айнымауға баулитын. Даңғаза-дақпырттан алыс, біртоға, шыншыл жігіттер жеке өнегесімен-ақ сыпайылыққа, еңбекшілдікке үйретті. Бірақ бүгіндері кейбір ағайынның қарапайымдықты – дәлдірлік, кішіпейілдікті дәрменсіздік деп ұғатыны қиын…

Сонау сексенінші жылдардың басында Оралхан Бөкейдің бір кездесуде шығармашылық ғұмырдың ұзақтығына қатысты айтқан пікірі жадымда қалыпты: «Егер алып дарияның екі жағасын ақын-жазушы өмірінің мәніне теңесек, кейбіреу арғы қабаққа үлде мен бүлдеге оранып, ақ кемемен сырнайлатып, кернейлетіп өтеді. Былай қарасаң, нағыз бақ-берекет солардікі сияқты. Алайда ондайлардың есімі де, еңбегі де жиекке жеткен бойдан-ақ ұмытыла бастайды. Себебі, қаншалықты көпірте мақтағанмен, сырты – жылтырақ, іші қалтырақ жасанды нәрседе қасиет бола ма. Әсіре қызыл тез оңады. Анау дабыр-дұбыр мереке-думанның әсері де сәлден соң-ақ тарқамақшы. Ал межелі кемерге көзге аса көрінбей, қиналып, өзеннің астымен азаптанып жететін дарын иелерінің маңдай тері сөзсіз ақталады, еңбегі жанады. Уақыт бәрін де орын-орнына қояды» – деді атақты қаламгер.

Әрине, Орекеңнің бұл салыстыруы аса сәтті де болмауы мүмкін. Әйткенмен, айтылған мысал күні бүгінге дейін ұмытылмағанына қарағанда, негізсіз емес. Төрехан Майбас, меніңше, осындай бейнеткер, ізденімпаз және қаламы жүрдек, өте алғыр жазушылардың қатарына жатса керек. Соның айғағындай, әріптес аға-інілері мен замандастары Өмір Кәріпұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Нұрхан Хамзеұлы, Оралбек Жүнісұлы, Аңғар Смағұл, Бақытжан Рақымжанов, Қайрат Әбілдинов, Мәуен Хамзин, Болат Кененұлы, Ерсін Мұсабеков, Жанат Жаңқашұлы, т.б. әр кезеңде Төрехан Майбас еңбегін жан-жақты талдап, шығармашылық лабораториясы қырын сәтті ашып, лайықты бағасын берген еді. Кезегі келгенде әдебиеттанушылар мен сыншылар өз сөзін әлі де айта жатар.

Әйтеуір, Төреханның талай асуды алғаны даусыз. Өзіміз қайттік, діттеген межеге маңайлай алдық па дегенде тосылыңқырайды екенмін. Әсілі, үшеуміздің ішімізден көздеген мүдденің көбін еңсерген – осы Төкең. Иә, оның бұқара қауым іздеп оқитын дүниесі жетерлік. (Айтқандайын, орыс тіліне өзі аударған әңгімелері де бірсыпыра-тын. Кезінде төрт-бесеуін көргенмін, көркемдік деңгейі биік, тартымды шығармалар еді. Өзіне, тіпті: «Ой, мынау тамаша екен! Көп ұстамай Мәскеудің әдеби журналдарына жіберу керек» дегенімде күлген де қойған. Бірақ, неге екенін, қазір соларын мүлде көрсетпейді).

«Ашылмаған аралдар» дегендейін, Төреханның көкейінде әлі де қыруар құпия сыр, айтылмаған әңгіме жатқаны сөзсіз.

Өз басымда өкінетін жәйттерім бірталай-ау. Мысалы, әне жолығамын, міне кездесемін деп ерте күнді кеш қылып жылдан жылды созып жүргенде кеудесі алтын көмбе қарттар өмірден озып үлгерді. Баяғы бала кезде кейбір әккі жылқышы әкелеріміздің қас-қабақ, сақал-мұртына мұз қатып, қалың шекпенінен бу бұрқырап үйге келіп кіретін сәті елестейді. Әлден соң шешініп, дастархан шетінде жантайып, атама қосылып сыздықтатып, күмбір-күмбір сөз бастап, одан қырдан-қырға озған сайын бауыр жазып көсіле түсетін жүйріктердей небір тартысты әңгіме көрігін қыздыратын әсерлі көріністері еске түседі. Уақытында жете мән бермей, сондай ғажайыптың көбінен құр қалғанымызды кешірек түйсіндік. Анау ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен жан сауғалаған біздің кейбір ағайынның ұрпағы осы күнге дейін Қырғыз елінде екі ауыл болып отыр. Ондағы шежіре ақсақалдың да көбі өтті. Олардың да көл-көсір сыры өздерімен бірге кетті.

Ұзыннан-ұзақ көлбеген «Құс жолы» оттарына автобус терезесінен жалтақтап көп қараймын. Жыпылықтап күлім қағып, мың құбылған сол ертегі дариясынан бір-екі уыс көсіп алсам деп қиялдайсың. Қызыл-жасыл, сиякөк… кей тұста сап-сары, жалтыр қара… қошқылкүрең, қою күлгін өрнекке аппақ жолақ араласқан айшықты бояу көз арбап, әйгілі ұшқыш-космонавт, шебер суретші Алексей Леоновтың туындыларын көз алдыңа әкеледі. Алау жалқынға оранған ғарыш реңкі жеті қат жер астында яки мұхиттар түбінде жататын жақұт пен меруерт, ақық пен зүбаржат тастардың түсінен аумайды. Иә, галактика мен шахтада, сондай-ақ теңіз таулары қойнауындағы бояулар өңінде өзара байланыс, тылсым үйлесім бар! Ең қызығы, буырқанған сол бояулар қазір біздің де кеудемізде сапырылысып жүр.

Осыны сезінгенде, Құдай-ау, бұ не деген құдірет екен деп аңтарыласың. Он сегіз мың ғалам кереметі деген сол шығар; адам жанының құпиясы да күрделі-ау. Расында, әрбір кісі бір-бір әлем…

Уақыт неткен жүйрік, бір кездегі бұлдыраған ақ сағым арасында табаны жалтылдап желмен жарысқан бала Төрехан да жетпіске келді. Қиядан қияға қарай құйындай ұшып, сол зырлағанда арман қуып жүргенімізді білмеппіз.

Өкініштісі, Дәулет бауырымыздың сапары ертерек үзілген. Елу жасқа да жетпепті. Көйлегі ағараңдап қыр асып бара жатқандай еді, сонау сиқырлы бояулар ғаламына сіңгеннен қайтып оралар емес.

Тағдыр Төкең екеумізді де аяй қойған жоқ. «Мен жылдар бойы көрінген жерде жүріп, жазуымды жаздым» дейтін Сәкен ағамыздың жағдайын біз де бастан кешіппіз. (Жүнісов С. «Шындықтың шырайы кірсін». – «Жұлдыз» журналы. №6.1988).

Төреханның ертеректе бір: «Дәулет екеуінің тәлейіне қарағанда менің жолым ауырлау болды» дегенін аңдап қалғаным бар-ды. Тірлікте кімнің артық жапа шегіп, кімнің көбірек күйзелгенін тап басып айту қиын шығар; себебі, жан жарасын бір-бірімізге көрсете бермейміз ғой…

Қиялға ілесіп келе жатып, керек аялдамадан өтіп кете жаздаппын. Көлік кілт тоқтағанда апыл-ғұпыл түсіп, жұмыс үстеліме қарай асығамын.

Төрехан ағамның мерейтойына аз-кем тілек қосқым келеді.

Құлтөлеу МҰҚАШ.

Суретте: Төрехан Майбас (ортада) және Дәулет Мақаш екеуіміз жас шақта.

Back to top button