Көкбөрі Керней | Менің де көкем бар еді...
Мақалалар

Менің де көкем бар еді…

Сонау бір жылы елдің түкпір-түкпірінен тоғысып келіп, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түскен бір топ жігіт-желең алғашқы курсқа табан тіреп, ес жиып, жан-жақты бағдарлай бастаған тұсымызда жиналып алып:
– Бәленнің түген жерде тәтесі бар екен, түгеннің бәлен орында көкесі отырған көрінеді, – деп сыр тартысып, сан-сақты әңгіменің шетін қылтитысар еді.
Әрине, мұндай сөз үшін ешкімді сөге де алмайсың, үлкен мақсат биігіне көз тіккен әрбір талапкер жастың: «Шіркін, менің де арқасүйер сондай бір демеушілерім, жебеушілерім болса ғой» деп армандауы орынды емес пе. Ондай әңгімеде кезінде Талдықорған, Семей облыстық газеттерін, кейінірек Қазақ Телеграф Агенттігін басқарып, одан сол шақтардағы аса айбынды да азулы «Ара» журналының бас редакторы болған Жүсекең… Шешемнің аталас ағасы… Белгілі журналист, танымал жазушы Жүсіп Алтайбаев ойыма оралып, үнсіз қалатынмын.
Бірақ бұл кісімен оқу орнын бітіргенге дейінгі ара-қатынасым осы ұзақ үнсіздікпен ғана шектеліпті. Басымыздан небір оқиғалар өткен осынау бес жыл ішінде Жүсіп шалға осында едім деп мен де төбе көрсетпедім, өз жолын қуып қалам ұстауға ниеттеніп жүргенімді бұл кездері тым шаруабасты болып, елге келуді сиреткен ол да білмей келді.
Сонда осынша жасырынбақ ойнауға неліктен құштарланғанымның сырын қазір өзім де түсіне бермейтін сияқтымын.
Мүмкін үркек жылқыдай саяқтау жүруге дағдыландырған кісікиік мінезден бе, әлде ағайындықты орынсыз алдыға тартып, үлкен адамның мазасын алмайын дедім бе екен; бәлкім, ешкімнің көмегінсіз-ақ өзім болсам деген өркеуде балаңдықтан да шығар… Әйтеуір, осы аяулы ағадан сол үйдегі Раушан тәтем айтатындай, «жынды кісіше», белгілі себеп-салдарсыз сырттай беріппін ғой. Осыныма қатты өкінемін бүгін.
Ылғи бір-бірімізді жер бетінде мәңгі-бақи жүре беретіндей көріп, тірлікте қадірлесіп қалуға қасиетіміз жетіңкіремей, айрылып қалған соң барып қана бармақ шайнап, сан соғып жататын ежелгі әдетіміздің кесірінен де. Әйтпесе етене жуыссақ, Жүрсекеңдердей дегдар азаматтардан, мол парасат иелерінен, көпті көрген талғампаз қаламгерлерден алатын ұлағат та көп болмас па еді.
Дегенмен, көз алдында туып-өсіп жанынан бірде алыс, бірде жақын жүрген жазушының өмір үзіктерінен қадау-қадау жайларды біршама біледі де екенмін. Енді, міне, Жүсекең о дүниеге кеткеннен кейін де аттай алты жыл өткен соң барып ағамыздың қаламгерлік тәлімінен бөлек, қалың қауымға кейбір беймәлімдеу қалтарыс-қырларын әңгімелейтін сәт келген секілді.
Туғанына сексен жыл толғанда ниеттес қаламгерлер Жүсіп Алтайбаевтың болмыс-бітімін айшықтай түсетін тағылымы терең естеліктерін жазды.
Алайда олар айтатындай, жазушының кіндік қаны тамған жер – Көгалсақал емес, Көкаласақал аталуға керек еді. Жүсекең топырағы құйқалы бұл мекеннің қақ өзегін тіліп ағатын Жанысқа талай шомылды ғой, біз де қара қайыстай болып, осы өзеннің балығына айналып кете жаздап жүріп өстік.
Жаныстың арғы етегімен жазушы ұдайы мақтан тұтып, ерліктерін аузынан тастамай отыратын өзінің бертінгі батыр бабасы Дулаттың Қарашілік қыстағы басталады. Жапсарлас төбеде Арқаға әйгілі Нұрлан жомарттың анасы Зылиха шешеміздің зираты тұр. Ғасырдан астам уақыт бұзылмай сақталып, құрылысы кішірек екі отау үйді қасына қанаттастыра қондырған алты қанат ақ орданы елестетін бұл күмбез кейіпті зиратты жұрт қастерлеп Бәйбіше бейіті деп атайды. Жүсекең елге келгенде өзеннің екі жағасын қуалай өскен қалың шіліктің көлеңкесіне жайғасып, көз жанарын сол зират тұрған төбеге қарай тігіңкіреп қойып, көнекөз қариялармен елдің ескі тарихынан сыр суыртпақтап, әңгіме-дүкен құрағанды ұнататын. Ол туған өлкеге келген әр сапарында болашақ шығармаларының кейіпкерлерімен жолығатын, бал жинаған арадай боямасыз өмір көріністерін көкейіне көшіретін; бір-біріне ұқсамайтын характерлер қақтығысын, тіл тартысын қызықтап, нағыз қайнаған ауыл тірлігінің ортасына тап болғанына қуанып, кейде қарқ-қарқ күліп рақаттанып, кейде тұнжырап, мұңайып отыратын. Үлкендердің бұл абың-гүбің сөзіне тиіп-қашып құлақ түрісіп, суы мұздай өзенге қайта-қайта сүңгіп шығып, дірдең қағысып, о кездері әлде екінші, әлде үшінші класта оқитын бір топ сидаң бұт – біз жүреміз…
Қазір Жүсіп Алтайбаев шығармаларындағы кейіпкерлердің дені кезінде «Оныншы» ауыл атанған сол Ақшатау өңірінің адамдары десем қателеспеспін. Жазушы елде едәуір аунап-қунап қызмет орнына аттанған соң көп ұзамай біздің ағайындар оның біртіндеп мерзімдік газет-журналдарда шыға бастайтын әңгімелерінен аттары өзгерген өз кейіптерін немесе өзге туған-туыстарының кескіндерін байқар еді. Оны әрине, әркім әрқалай қабылдап жататын. Біреулер қуанатын, біреулер ренжитін.
Осы тұста кейінірек бізді Жүсіп ағамен араздастырып жібере жаздаған бір жәйтті айта кетуді орынды көремін.
Бірде жазушының «Нақ-нақ» кітабына енген әлдебір әңгімеден үлкен әкеміз Сағатты «таныдық». Онда Мәстек деген ұстаның дүмше молдалықпен ел үстінен күн көргісі келетіні айтылады. Жұртты алдап жүрген сол шала діндар Өтелбай деген нағашысының басына мінәжат қылмақ болып барып, шатып-бұтып жаттаған «құранын» бастай бергенде «ясиннен» сүрініп, құдай ұрады. Осы тұста бейіт ішінен біреу: «Өй, нағылет, мұның не?!» деп дүрсе қоя беріпті. Сонда қулығым ашылып, әруақ соққан екен деп зәресі зәр түбіне кеткен Мәкең сылқ етіп, қылжиып құлай береді. Сөйтсе, зират ішінен арамза алаяқты тәубасына келтірейік деп дауыс берген ауыл жігіттері Кәртай мен Тәкен екен… дейді.
Сағат әкеміздің темірден түйін түйген ұста… Нағашысының Өтелбай емес, Өтебай… Аттары өзгертілмей алынған Кәртай мен Тәкеннің Жүсекеңнің өз бауырлары екендігі… Соғыстан келе салып бригадирлік жұмыс атқарған Сағаттың егістікті аралап жүріп бейіт басына дұға жасай кетуге ниеттенгені… рас еді. Бірақ бір кісідей сауаты бар оның ешқашан діндар болмағаны, еңбекқорлығымен, қайырымдылығымен жерлестерінің құрметіне бөленгені елге аян-ды. Ал зиратта жолыққан еріккен ана екі жігіт емес, майданнан қашып бой тасалап жүрген атақты дезертир Дауылбай бастаған топ екен. Сондықтан бұл жазушы әңгімесіне арқау болғандай сатиралық көріністен гөрі салмақты драмалық оқиғаға келетін-ді. Біз, Сағат шалдың балалары әңгімені оқыған соң: «Жүсекеңнің мұнысы несі? Жазғаны шындыққа мүлдем жанаспайды ғой. Мазақ қылғаны ма екен?!» деп қатты ренжідік. (Әрине, көбірек налыған – ересек ұлдар. Мен онда жасырақ едім). О тұста әдебиеттегі типтік образ дегенді қайдан біліппіз. Оның үстіне ру жағынан біздің әкемізге де нағашы болып келетін Жүсіп Сағат ренжи қоймас деп, ол бастан өткерген әлгіндей бір оқиғаны ұтқыр деталь ретінде жиынтық кейіпкерінің кескініне пайдалана салуды ұйғарыпты. Соңында нағашылы-жиенді ағайындар:
– Ой, ит-ой, істемейтінің жоқ-ау! – деп шұрқырай табысқан.
Жүсекеңнің жұрт біле бермейтін бір өнері – домбырашылығы. Шертпе күйдің айтулы шеберлері – Әбди, Әбікен, Мақаш, Қыздарбек, Сембек сынды өнерпаздар өмір сүрген ортада өскен оның бала жүрегін күй, сазы да ерте баурайды. Көкірегі сергек, құймақұлақ Жүсекең осы күйшілердің жұрт жадынан ұмыт бола жаздаған кей дүниелерін кейінгі ұрпаққа жеткізді. Елге келгенде домбыраны қолға алса: «Мынау Қызекеңнің Қарқаралыда шығарған күйі екен… Бұл – Әбікеннің Сәкенге арнап тартқаны» – деп, әр күйдің тарихына тоқталып алатын. Аса ыждаһаттана орындайтыны Әбдидің «Қосбасары» еді. Сай-сүйегіңді сырқырататын бұл мұңлы, шерлі шығарманы өзі «Әбдидің зар қосбасары» дейтін.
Кішіпейіл Жүсекең өзінен көп кіші менің әкем Мағаздың да күйшілігі мен домбырашылығына тәнті болып, бас иіп өтті. Әр кез қаумалаған жұрт күйге қолқа салғанда:
– Мен музыкалық мәдениеті жоқ адаммын ғой. Бізге Мұқаштың балаларындай болу қайда! Дегенмен, қиқалақтатып көрейін, – деп қоятын.
Шебер орындаушы Жүсекең өзі де күй шығарған адам. Солардың ішінде есімде қалғаны – «Күнімай» күйі.
Бұл күйдің дүниеге келу тарихы туралы сөз қозғалса көзіме сонау отызыншы жылдардың маңайында үлкен әке-шешелеріміз куә болған қасіретті бір оқиғалар елестейді. Толығырақ баяндауға көп уақыт кететін ол әңгімені қысқа қайырғанда, со кезеңдерде қылышынан қан тамған қатыгез жүйенің шаш ал десе, бас алған жандайшап жендеттері адамгершілігімен, ақындығымен аттары алысқа жайылған Арқаның ардақты азаматтары – Дия қажы, Бағай, Баттал сынды кісілердің де малдарын тәркілеп, өздерін халық жаулары деп бірінің желкесіне бірін қаратып қойып жалғыз оқпен атып, бала-шағасын тентіретіп, жер аударып жіберген екен.
Осылардың ішінде Жүсіптің өмірінде айрықша орын алатыны – Меккеге барып қажы атанған, өзі шалқар шайыр, өзі шөптен дәрі жасай білген дарынды дәрігер Дия (азан шақырып қойған аты – Мұхамедия) болашақ жазушыны мұнымен қатарлас ұлы Қажыкенге серік етіп, Қарқаралыға жіберіп оқытып, келешегіне жол ашады.
Осы екі бала әлгі қанды зобалаңнан аман қалып, кейінірек оқуды Алматыда жалғастырып, есейіп, елге оралғанда сол қайғылы шақтар есіне түсті ме екен, Күнімай деген шешеміз көз жасына ерік беріп, дауыс салып жылапты.
Күнекеңді бала күнімізде біз де талай көріп, қолына су құйдық, жарықтық сексен жасқа таяғанның өзінде кербездігін сақтаған, жүзі нұрлы, аса таза, сәнді киінетін, ешкімді бетіне қаратпай сартылдап сөйлеп отыратын адам еді. Жүсекең «Күнімай» күйінің шығуына осы кісінің жоқтауы ой салды дейтін де қоятын. Кейін ойласам, қанша іштен тынғанмен, анау айуандықтың мұң-зары кеудесіне сыймай жүреді екен ғой.
Бірақ оны жазып әшкерелеу мүмкін болмайтын. Кеңестік үгіт-уағыздың дәуірлеп тұрған кезі емес пе, бертінге дейін тарихтың кез-келген ақтаңдақ тұсын хатқа түсіріп жариялау тұрмақ, біреулерге естіртіп айтудың өзі қауіпті еді. Алайда, Жүсекең тауыпты – көкейкесті күйінішін күй тіліне көшіріп, перзенттік борышын өтеген.
Осындай солақай күшке көнуге мәжбүр болған ол сонша жуастардың да тобынан емес еді. Әлдебір ірі шен-шекпенді қызметінен ығыстырып, астанадан алыстату үшін Ақтөбенің газетін басқаруға ұсыныс айтқанда бас тартып, онда Ақмола басылымына қалай қарайсыз дегенде: «Қызық екенсіз, төбеге бармағанда, молада нем бар?!» деп қырсығатын ер емес пе, қисынсыздық шектен шыққанда ширығып, ызаланып кететін жазушы идеология қыспағына қарамай Ақжолтай Ағыбай жөнінде, сондай-ақ жоғарыдағы нақақтан «халық жаулары» атанған Дия мен Бағайлардың атасы Керней Жарылғап батыр туралы тұңғыш болып қалам тартты. Бірақ бұлары кедергіге көп ұшырағандай. Әсіресе Ағыбай батыр жайындағы шығармасына байланысты жүйкесін бірталай тоздырды білем. Солай бола тұра сынға да қыңа қоймайтын. Итальян жазушысы Рафаэлло Джаваньолидің «Спартак» романын тәржімалағанда «Жүсіп Алтайбаев көлемді дүниені тым тез арада, алты-ақ айдың ішінде аударды» деп сыналғаны есімде. Сонда:
– Ә… айта береді бұлар. «Мықтылықтың» белгісі шығарманы ұзақ ұстау болса өздері жеті жыл жүріп аударсын мұны! – деп күлген еді.
Бір қызығы, қоғам алдындағы азаматтық принципіне мейлінше адал қаламгер өзінің шығармашылық өміріне қысым жасап, көлеңкесін түсірген коммунистік партиясына кір жуытпайтын. Қазақша, орысша, ағылшынша, испанша, итальянша, французша бірдей білетін қыздары:
– Әке, компартияның келеңсіздіктерін көріп жүрміз ғой, соны неменеге дәріптей бересіз? Тарату керек оны! – дегендей көзқарастарын айтқанда:
– Қой, олай демеңдер! Ұйымның арасына кіріп кеткен жекелеген жаман адамдар үшін бүкіл партияға топырақ шашуға болмайды. Ол өз қатарындағы жағымсыз құбылыстармен аяусыз күрес жүргізіп отыруы тиіс, – дер-ді.
Осы орайда Жүсекеңнің жас ұрпақтың тәрбиесі жайына да бей-жай қарамағаны еске түседі. Ол отбасымен елге демалысқа келген сайын бізге арнап шамадан-шамадан кітап әкелетін. Олардың ішінен балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері Бердібек Соқпақбаевтың, Сейітжан Омаровтың, Мұзафар Әлімбаевтың, орыс жазушылары Корней Чуковскийдің, Агния Бартоның, Самуил Маршактың, Сергей Михалковтың шығармалары шығатын.
Бүгінде ел жақта Жүсекеңнің тікелей шапағат-шуағын көріп, жоғары білім алып, үлкен мамандық иелері болып шыққан іні-қарындас, ұл-қыздары баршылық-ау деп ойлаймын.
Жастай жетім қалып, тағдыр тауқыметін көп көрген аса бауырмал, балажан ағамыз өз ұрпақтарын да лайықты тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Сәуле Мәскеудің Инженерлік-сәулет институтын тәмамдап, оның аспирантурасын да аяқтаған. Көп жыл Қазақ политехникалық, Алматы Сәулет-құрылыс институттарында қызмет етті. СССР Сәулетшілер одағының мүшесі. Астанадағы көптеген сәнді ғимараттарға қолтаңбасын қалдырған дарынды сәулетші. Ал Саида, Дана, Шолпан деген қыздары ағылшын, француз тілдерінің мамандары, ғылым кандидаттары. Кішісі Карина да Мәскеуден оқып қайтты. Ағылшын, испан, итальян тілдерінің маманы.
Бұлардың ішінде Дана мен Шолпан студент кездерінде киноға да түсті. Көпке белгілі «Тақиялы періште» мен «Ән қанатында» кинофильмдерінде қалыңдық болып басты рөлдерді ойнайтын осы Шолпан Алтайбаева екендігін біреу білсе, біреу білмес. Дана да сол «Тақиялы періште» картинасында Тайлақтың анасының жас шағын ойнады. Кейін «Әзілге де, шындыққа да саяды» кинофильміне түсті. Бірақ Жүсекең қыздарының кино өнерінде бақ сынай беруін аса құптай қоймаса керек.
Осындай творчестволық әулеттің жемісті еңбек етуі, әрине, үйдегі береке-бірліктің ұйтқысы Анаға да тікелей байланысты. Дуалы ауыздардың бірі көрнекті жазушы Виктор Астафьев айтатындай, талант дегеннің өзінің ең алдымен мінез екендігін ескерсек, үнемі іштей ширығып, маза таппай, терең толғаныс үстінде жүретін өнер адамына жар болып, оның шығармашылық өмірінің ыстық-суығына төзу де оңай емес шығар. Отан соғысының алдында қосылып, елі жылдан астам уақыт ағамыздың қайғы-қуанышын бөліскен Раушан тәтеміз бүгін де көргендігі мен көшелілігінен жазған жоқ. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, үлкенге ізетті келін, кішіге қамқор жеңге бола білген осынау жарқын жүзді жұбайын Жүсекең де өле-өлгенше аялап, қастерлеп өтті.

…Бесінші курсты бастап, «бес минутсіз журналиспіз» деп жүргенде Жүсекеңмен қазіргі «Дәуір» баспасының дәлізінде кездейсоқ, ұшырасып қалғанбыз. Қолындағы тор қалтада әлдебір көлемдірек шығарманың қолжазбасы бар, асығыңқырап, әбіржіңкіреп шығып барады екен. Сәлем бергенімде:
– Оу, қайдан жүрсің?! – деді сасыңқырап, таңданыңқырап қалып.
Мен оқуды аяқталғалы жатқанымды, өзіне диплом қолға тиген соң бір-ақ барып, «сенсация» жасамақ болғанымды айтып, күлдім.
– Өй, өйткен сенсацияң бар болсын. Ағатай-ау, осындай да кісілік бола ма екен?! – деп ренжіді.
Содан соң:
– Жүр, үйге барайық! – деді зекіңкіреп…
Осы кездесуден бес-алты ай өткенде ел жақта жүріп, ағатайымыздың қайтыс болғанын естідім.

Қазір Жүсекең жоқ. Үлкендер «тереңдігі – үш түйенің бойы, жоқ, төрт түйе болатын» деп дауласып отыратын Жаныс та тартылып барады. Бірақ алыстасаң асқақтай беретін биік шыңдар секілді уақыт ұзаған сайын елдің жерлес қаламгерге деген қадір-құрметінің арта түскенін аңғарамын. Қазір кештетіп болса да біз оқыған Карл Маркс атындағы орта мектепке Жүсіп Алтайбаевтың есімі берілген. Бүгінде ауыл ішінде «Ол сенің көкең емес, менің көкем еді ғой» дейтін жігіттердің де көбейгенін білемін. Мейлі. Оған қуанбасам ренжімеймін ғой. Ағамыздың тірі күнінде пайдаланбаған атақ-абыройына бұ дүниеде жоқ кезінде жармасып қайтемін. Осы естелікті қағазға түсірерде де көп толғандым. Әсіресе, ағайымды еске аламын деп отырып, өз телпегімді жылтыңдатудан ұзақ уақыт сақтанып-ақ келіппін.
Бірақ мұны мен жазбағанда кім жазады?!
1993.

Суретте: Жүсіп Алтайбаев. 1965 жыл.

Құлтөлеу МҰҚАШ.

Back to top button