Көкбөрі Керней | Асхат Тоқтарбеков
Тұлғалар

Асхат Тоқтарбеков

Асхат Ғайсаұлы ТОҚТАРБЕКОВ (1924-1986),

Қарқаралы қаласында дүниеге келген.

Қарқаралы қаласының шекемесін бітіреді. Неміс тілінің білгірі, ел таныған мұғалім еді. Талайлы тағдыр кешеді. Тұтқынды да көреді, түрмені де көреді. Өмірінің соңына дейін бақылауда болады. Саяси жағынан сенімсіз деген таңба басылады. Отыз жетінің ызғарынан аман қалғанымен түртпек шыға бастайды. Шешесі Шәмшібанудың ақылымен соғысқа өз еркімен кетеді. Екінші жаһан соғысындағы қырғындардың бірінде тұтқынға  түседі. Мұстапа Шоқайдың ықпалымен Түркістан легионының сапына кіреді. Әскери қимылдарға қатыспайды.

 

Бұл кісі жөнінде жазу мен үшін өте қиын болды. Бұл кісінің талайлы тағдыры тұтастай романға жүк болатын тағдыр.

Мен тұрған Ақшатаудағы бірден бір аңызға шыққан адам болатын.

Қалай айтсақ та аңыз адам болатын.

Ел ол кісінің әлгіндей тағдырын қилыша әпсаналайды, аңыздайды. Алайда соның түбіне жеткен адам бар ма екен?

Асхат Ғайсаұлы бізге неміс тілі пәнінен берді. Ол пән бесінші сыныптан бастап жүретін. Туысқандығымыз болғандықтан мен сыныпта еркін отыратынмын. Бір қылығым жақпаса керек қолындағы таяғымен бастан тартып жіберсін. Бұл біздің бірінші күнгі оқиғамыз. Туысқандығымыз жайына қалды. Қалайша ұрды деп мен таң қалып тұрмын. Қалайша таяғым бөлініп қалды деп ол кісі тұр…

– Фашист…

Іштей айтып тұрмын. Соңынан онымнан өзім шошып кеттім.

Әкей шахтада істегендіктен жылқы ұстайтын. Өзі үшін ұстағандықтан қашанда оны бапты ұстауға ұмтылатын. Мұғалімдер де біздің үйден қымыз ішіп кететін. Асхат мұғалім де жиі болмаса деп қымыз ішіп тұратын. Туысқандық жағдаймен де келетін болар.

Әлі баламыз ғой. Сондағы басты жұмысымыз торсық пісу болатын. Мұғаліміміздің бір келісінде сол торсық пісіп тұрғанмын.

Шамасы қалжырап тұрсам керек:

– Жүз рет  қазақшы сана, жүз рет орысша кейін қайт және жүз рет немісше сана, сонда шаршамайсың!.. – десін.

Кімге қалай мен сол сөзге сендім. Немісше санауды да тез-ақ үйреніп алдым. Өйткені көршіміз де Вирц деген неміс болатын.

Одан кәрісше санауды үйренім алдық. Торсық піскенде шаршамау үшін…

…Содан немісшелеп жатыр. Бәлкім, маған ұрысып жатқан болар…

Сол кездегі білетін немісшеміз «хенди хох, Гитлер капуттан…» аса қоймайтын.

Сөйтіп мұғалімімнің таяқпен не үшін салып қалғанынын ақыры түсінбей кеттім.

Ол кісінің әдеті немісшесіне не орыс, не қазақ тілін қоспайтын. Немісшелеп кіреді және немісшелеп шығып бара жатар еді.

Ал неміс тілі пәні сыныбы мектебіміздегі ең әдемі сынып болатын. Ондағылардың бәрі немісше. Сынып емес, тура музей болатын.

Асхат мұғалімнің тағы бір ерекшелігі біздің балалардың бәрін болмаса да неміс балаларымен достастырып қойғаны. Хат ГДР-ға кетіп жатады, хат келіп жатады… Есеп жоқ…

Олардың хатқаптары ерекше әдемі болушы еді. Көздің етін суыратын. Сол хаттар сынып қабырғаларында қатталып тұратын…

Кейін сол хат жазысқан балалармен кездескендері де болыпты деп еститінмін.

Болған жайды әкеме айттым. Байқаймын Асхат мұғалімді жақтап тұрған жайы бар екен.

Сонан көсілсін. Айса мұғалім (әкей Айса дейтін) біздің Қабыл әулетінің мақтанышы екен. Анау-мынау емес «Ғалия» медресісінде оқыпты…

Мен тынышталдым, әрине. Осыдан кейін мен Асхат мұғалімге жақындай түстім. Ол кісіге деген құрметім ерекше еді.

1973 жылы оқуға түсу үшін құжаттарымды ҚарМУ-дің филология факультетіне тапсырдым. Күтпеген жерде жазбашадан үш деген баға алып қалдым. Бұл менің жағдайымды қиындата түсті. Бір орынға бес адамнан келіп тұрмыз…

Өтуім үшін қалған сабақтардың барлығын беске ғана тапсыруым керек…

Ауызшаға кірейін. Баяғы сол қазақ тілі.

– Кімнен оқыдың?

– Күләйім Серіковадан… Соңғы сыныпта Сәбит Адаминнен оқыдым…

– Жүре бер, – деді.

Тарих сынағына кірейін. Онда да осы сауал.

– Кенжебай Жәмпейісов, Қадыр Жұмашев берді деймін…

– Жүре бер, – деді.

Соңғы сабақ қалған. Неміс тілі…

Өзіме сенімдімін. Алайда кім біліпті деген бар ғой…

Менімен бірге Дүйсен Балағазин бауырымыз да тапсырып жатқан болатын. Ол құжаттарын заң факультетіне тапсырған еді.

Оның да соңғы сынағы неміс тілі болатын.

Жанкүйер болып барғанмын.

Оның кіргенінен шыққаны тез болды.

– Асхат мұғалімнен оқығанымды айтып едім, ештеңе сұрамай қойып берді, –  деп қарап тұр.

Сынақ парағына қарасақ бес деген баға тұр.

Ертеңінде мен кірейін.

Маған да түк сұрамастан бес деген баға қойды.

Есесіне маған басқа сауал қойды.

– Қазақ-Башқұрт мемлекетінің Жарғысын жазғандардың бірі Ғайса Тоқтарбеков екенін білесің бе?

Мен білмейді екенмін. Бірақ әкемнен естігендерімді жайып салдым.

Тек:

– Қосымша тіл курстары жүргенде башқұрт тілін таңда, – дегені.

Сол заманның адамдары не деген текті еді. Шынымен мен оқуға түсіп кеттім, және башқұрт тілін оқыдым…

Іле ауылға бардық. Ұстаздарыма рахметімді айтып жатырмын.

Ал Асхат мұғалімнің үйіне арнайы бардым. Ғайса бабам жөнінде сұраған едім:

– Бұл саған әлі ертерек, уақыты келсін – десін.

1980 жылы оқуымды бітіріп аудандық газетке орналастым.

Тағы бардым.

Тағы да қайтарды…

Сөйтіп жүргенімде атақты Тасболатұлы Жуасбай ақынның қызы Күләндаға кездестім. Күләнда апайымыз бетті, көпті көрген, алғашқы комсомолкаларымыздың бірі болатын. Никита Хрущев Ақадырға келгенде қарсы алушылардың бірі болыпты…

Сол кісіден біраз дерек  естідім.

1985 жылы тағы бардым.

Бас терісі келіспей отыр екен.

Сонда да бұйымтайымды айтқам.

– Айттым ғой, уақыты келген жоқ, – деп айдап шықты.

Көп ұзамай қайта бардым.

«Z операциясын» сұрайын.

Мұным астамшылық болған екен.

– Кім саған мұны айтып жүр?.. Енді мені сенің тергеуің қалып еді…

Осыдан қайтып мұғаліміммен кездесуге жазбады.

Ақшатауда Үкіғазы деген ағамыз тұрды. Алып денелі, кең пішілген ағаларымыздың бірі. Сырт естуіміз ол кісі де ана жақта отырып келген. Отырғанда ол кісі де пленге түсіп қалған.

Одан ол ағамызды да жағалаймын ғой. Сондағы білгенім…

…Асхат мұғалім тілмаштық қызмет атқарыпты. Кейін диверсиялық мектепке алынады. «Z операциясы» деген операцияға тартылып, әскери ұшақпен КСРО аумағына түсіріледі. Онда да Қазақстанға. Елге жеткен соң жергілікті милицияға өз еркімен беріледі. Бірақ алдынан тағы бір сынақ шығады. Әскери трибуналдың шешімімен Отанына опасыздық жасағаны үшін жиырма бес жылға кесіледі. Алайда әскери қимылдарға қатыспағаны ескеріліп, бұл жаза екі еседен көп қысқартылады. Кесікті он жыл мерзімін Ресей түрмелерінде соңғы минутына дейін өтеп шығады…

Бұл деректер, әрине, мені қанағаттандырмады. Бір дерегі шығып қалар ма екен деп Ғайса Тоқтарбекұлын барынша індеттім. Онымнан да түк шықпады.

Кейінде ҚарЛАГ тарихымен шұғылдандым. Ондағы архивте Тоқтарбеков ісі болмай шықты.

Жақында осы тақырыпқа байланысты кере қарыс кітап шығардық. Жоғарыдағыдай себеппен ол кітапқа мұғалімім есімі кірмей қалды.

Алайда архивтік құжаттар бар еді.

         « №4949 қылмыстық іс

Асхат Тоқтарбековке қарсы қозғалған іс. Арнайы  мемлекеттік мұрағаттан алынған істің мұрағаттық көшірмесі:

          По материалам архивного следственного дела №4949 находящегося на хранении в специальном государственном архиве ИАЦ ДВД Карагандинской области, Токтарбеков Аскат Гасинович, 1924 года рождения, уроженец гор. Каркаралинска Карагандинской области, казах, по социальному происхождению из крестьян-середняков, имел среднее образование, не судим.

          Проходил службу в действующей армии старшим сержантом 2-го полка 71 дивизии на Белогородско-Курском направлении.

          6 июля 1943 года под Белогородом попал в плен. Был в лагере военнопленных. Освобожден -21 июля 1945 года.

          Токтарбеков Аскат арестован 7 февраля 1950 года.

          Приговором военного трибунала Петропавловского гарнизона  от 19 июня 1950 года осужден по ст. 58-10 ч.1 и ст.58-1 п. «б» УК РСФСР к 25 годам лишения свободы, с поражением в правах на 5 лет.

          Определением военного трибунала Туркестансеого военного округа от 18 июля 1950 года приговор  военного трибунала оставлен в силе, а кассационная жалоба осужденного без удовлетворения.

          Определением военной коллеги Верховного суда СССР от 10 ноября 1956 года, приговор военного трибунала изменен и исключена ст 58-10 ч.1 УК РСФСР.

          Сведений о его освобождении из мест заключения в уголовном деле нет.

          Токтарбеков Аскат имел семью в составе:

          Отец – Токтарбеков Гайса, 1890 года рождения, уроженец Шетского района, Карагандинской области, умер в 1936 году.

          Мать – Токтарбекова Шамшибану, 1900 года рождения, проживала в поселке Акчатау.

          Брат – Токтарбеков Маткат, 1927 года рождения, уроженец гор. Каркаралинска, работал учителем в пос. Акчатау.

          Брат – Токтарбеков Мурат, 1935 года рождения, проживал в пос. Акчатау.

          Сестра – Токтарбекова София, 1934 года рождения, проживала в пос. Акчатау.

          Жена – Кочарженко Екатерина Даниловна, 1922 года рождения, уроженка Сталинской области, проживала в пос. Акчатау. Работала в продснабе.

           Сын – Еркен Аскатович, 1947 года рождения, уроженец гор. Каркаралинска, жил в пос. Акчатау».

 

Сөз жоқ, архивті әлі де болса іздестіру керек болады. Қайсысында жатқанын кім біледі. Бүгінде облыс бойынша қуғын-сүргінге ілінгендерді ақтау бойынша кең көлемді жұмыстар басталды. Сол комиссияның мүшесімін. Қуанғанымыз бізге архивке кіруге рұқсат берілді.

Бәлкім, бір дерегі табылып қалар…

Мен Асхат мұғалімді барынша құрмет тұттым.

Құрметім бүгінде кемімеген.

Ертең де кемімейтініне сенемін.

22.07.2021.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

«Z ОПЕРАЦИЯСЫ»

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button