Көкбөрі Керней | Ұлжан Мұқырбайқызы
Тұлғалар

Ұлжан Мұқырбайқызы

Ұлжан Мұқырбайқызы (1924-2012),

Ақшатау болыстығының оныншы ауылында дүниеге келген.

Кеңестік заманның бар ауыртпалығын басынан өткерген. Ер азаматтың орнына жүрген. Еңбек батальонында болған.

 

ҚҰРМАЛДЫҚ

Ақшатауда үй-ішіміз ағайынды Дәйіл, Жәмпір деген әкелерімізбен араластықта болды. Әкеміздің нағашылары Бәубек атасынан еді. Соған орай араласатын шығар деп ойлайтынмын.

Оның үстіне Дәйіл әкем де, Жәмпір әкем де маған жақсы қарады. Баласынбай есті әңгімелер айтушы еді.

Әсіресе Ұлжан апайымыз біз дегенде мерейі төгіліп тұратын. Ол кісі де әңгіменің майын тамызып тұрып айтатын.

– Мен әкемнің суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын баласы болдым. Соған орай ер бала тәрбиесі қалыбында болдым…

– Сонда қалай, кәдімгідей төбелестіңіз бе? – деймін балалығым ұстап.

–Өзім төбелес бастаған емеспін. Тиіскендер болып жатса сдача қайтаратынмын… Онсыз болмаушы еді?..

– Неге онсыз болмайды? – деймін апайымның сөзінің ұшығына жете алмай.

– Мен еңбек батальонында болдым ғой. Ал онда тентектер баршылық еді…

Осы жерге келгенде мен үндемей қаламын. Өйткені көлденең жұрт ол кісіні отырған дейді.

Бұл сөзіне қарағанда отырғаны рас болды деп қоямын.

Бұл тақырыпқа әке-шешем де жолай қоймайды.

Сонымен бұл маған жабық тақырып болып қалды.

Содан нағашы жұртыма – Қарабұлаққа барғанымда бір ұшығы шықты.

Дастарқан басында коммунизм жөнінде әңгіме шығып кетсін. Қашан жетеміз деген…

Жәкіш нағашы әжем:

– Ұлжандай қыздар туғанымызда коммунизмге баяғыда-ақ жетер едік, – десін…

Ішім сезеді. Әңгіменің менің апам жайлы екендігін.

Сонан қойшы, білгенім Ұлжан апам еңбек баталонында бір емес екі рет болыпты.

Біріншісінде…

Нығмет деген шөбере інісі бір атадан жалғыз еді. Повестка соған келеді ғой.

Сонда Нығметтің әкесі Әліп:

– Тұқымымыз тұздай құритын болды ғой, соғысқа жарамасам да трудармияға жараймын, баламды алғанша мені алыңдар, – деп өкімет адамдарына қарсы тұрыпты.

Болмаған соң жатып қалыпты.

Әліп атамыздың елуге келіп қалған кезі ғой. Кім алсын?

Ол кезде тұқымымызды қалай аман алып қаламыз деп қазақ баласы неше түрлі айла-шарғыға барған емес пе? Менің ұлы нағашым Меделхан атамыз сондай себеппен қашқын атанған ғой.

– Қайла қалмағанда малақай кигізіп біздерді жіберді ғой…– дейді Ұлжан апам.

Бұл кейінгі әңгімелеріміз.

Сонымен біріншісінде Нығмет бауырының орнына кете барады. Сол кеткеннен кетіп Жезқазғаннан бірақ шығады. Сондағы Покро шақтасында жұмыс істейді.

– Жердің асты, үсті деген жоқ, қайда жіберді сонда істедік, – дейтін апайым.

Содан аман-есен қайтып келеді.

Бәрі қуанды дейді. Әсіресе Әліп әкеміздің қуанышында шек болмады дейді.

Сөйтіп бір бәле-жаладан құтылдық па дегенде екіншісі сап ете қалады.

Бұл жолы повестка туған бауыры Егінбайға келеді.

Ол да бір атадан бір тал жапырақ.

Енді қайтпек керек?

Қайткені несі?

Ұлжан бар емес пе?

– Малақайымды дайындай беріңіздер… – депті Ұлжан апайым.

Бұл жолы Балқашты бетке алады.

Одан арғысы мәлімсіз.

Апайым туралы қилы аңыз тура осы жерден басталады.

Біреулер сол бұзудан (ФЗО) қашып келді дейді…

Біреулер істі болып отырған дейді…

Біреулер қашқанда тура сол отырған жерінен қашқан дейді…

Осының барлығын жұрт керемет бір сүйіспеншілікпен айтады.

Бұл қалай дей алмайсың?

Өзіңнің де қалай қосылып кеткеніңді байқамай қаласың.

Нығмет әкеміздің қызы Ғалия қарындасым Қарағандыда отыр.

– Түп-тұқиянымызбен қарыздармыз ол кісіге…– дейді.

Жалғыз тал Егінбай әкеміздің баласы да Қарағандыда. Сол Ғаббасәлі бауырым айтады:

– Мұндай жандар енді туар, тумас. Әлгі орден-медалді осы кісіге беруіміз керек еді. Бір емес екі әулетті бірдей алып қалды ғой…

Бұл да түк емес.

Абай қаласындағы Ұлжан апайымның қызы Панаркүлмен хабарласайын.

– Сіздің апаңыз болмаса біздер жер басып жүрер ме едік, жүрмес пе едік…

Сөзінің аяғын аяқтай алмады…

Жүрегім шым ете қалсын…

Шынын айтар болсақ осы Апайымыз бір емес, екі емес, үш отбасын ойраннан сақтап қалды емес пе?..

Менің ішкі дауысым солай дейді.

Жәмпір жездеміз соғысқа қатысқан адам. Екі көзін беріп келген…

Баламын ғой.

Апамды қимаймын…

Көзі сау біреу табылмады ма деп.

Әкем аузымды бірақ сөзбен жапсын:

– Сарайы сау ғой. Сарайы соқырдан сақтасын…

Содан бері бұл әңгімені қайтып қозғамағам.

Содан шамам жеткенше ол Апайымды құрметтеп бақтым.

Сол құрметімнің үлкені осы мақалам екен.

Көптен бері жаза алмай жүр едім…

01.06.2025.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button