Көкбөрі Керней | Әбдіхамит Ібінияұлы Сембаев
Тұлғалар

Әбдіхамит Ібінияұлы Сембаев

Әбдіхамит Ібнияұлы 1905 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Патша өкіметі ашқан екі басқышты мектепке оқуға барады. Одан кейін оқуын жетілдіру мақсатымен Қарқаралы, Семей педагогикалық техникумдарында оқыды. 1925 жылы ауылда мұғалімдік қызмет атқарды. 1927 жылы большевиктер партиясының қатарына өтеді.

Жалпы жүйелі білім алуға 1918 жылдан бастап бет бұрды. 1928 жылы Семей Қазақ педагогикалық техникумының 3 курсын бітірген соң, Алматы қаласында жаңадан ұйымдастырылған қазақ мемлекеттік университетінің бірінші курсына түседі. Бұл университет 1930 жылы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институты болып қайта құрылғаны мәлім.

1932 жылы жоғарыда аталған институттың химия-биология факультетін бітірген Әбекеңе Қазақ автономиялы халық ағарту министрлігінің аппаратына әдіскерлік қызметке жолдама беріледі. Алайда өзінің сұрауы бойынша Қазақ ауылшаруашылық институтының химия кафедрасына жұмысқа ауысады. Бұл институтта ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, ал 1940 жылы осы институттың оқу ісі жөніндегі орынбасары, соңынан директор болды.

1940 жылға дейін бұл институтта үш факультет болып, оларда 130-ға тарта студент оқыды. Әбдіхамит Ібінияұлы директор болысымен төртінші гидромелиоративтік факультеттің ашылуына күш-жігер жұмсап, студенттер санын 400-ге жеткізді. Институтта 60-тан астам оқытушы жұмыс істеді. Олардың ішінде 3 профессор, 8 ғылым кандидаты болды.

1937 жылғы нәубеттің жалыны Әбдіхамит Ібінияұлын да шарпып өтеді. Ол партия қатарынан шығарылады. Бірақ аққа құдай жақ болып, әділеттілік жеңіп,1938 жылдың қаңтар айында пәле-жаладан ада болады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Бүкіл елдің тіршілігі майдан үшін қызметке бағытталады. Осындай ел басына қиыншылық түскен қатерлі кезеңде Республика үкіметі Қазақ Кеңестік социалистік республикасының Халық ағарту министрі етіп тағайындайды. Бұл үлкен лауазымды Әбекең 14 жыл бойы абыроймен атқарады.

Әбекеңнің тікелей ұсынысымен педагогикалық институттар жанынан аспирантура бөлімдері ашылды. Ғылыми-зерттеу жұмысына бейімі бар талантты жастар мен тәжірибелі, білімді педагогтарды Кеңес Одағының үлкен қалаларындағы білім ордаларына шығармашылық іс-сапарға жіберіп отыру тәжірибеге енгізілді.

Оқу министрі болып тұрғанда игі де ізгі ойларын Қазақ ССР Оқу министрлігі жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтына директор болған 1963-1974 жылдарында одан әрі жүзеге асырумен шұғылданды. Ғалым-педагогтар қатарын көбейту мақсатымен институт жанынан аспирантура бөлімін ашты, кіші ғылыми кеңес құрып, оған мүшелікке республиканың белгілі ғалымдарын қатыстырды. Өзі басқарып отырған мекеменің материалдық базасын нығайтуды, онда қызмет істейтін адамдарға жағдай жасауды бірінші кезектегі міндетім деп санайтын. Соның дәлелі Қазақ ССР ғылым академиясының президенті болған Қ.Сәтбаевтан академия қалашығынан берілген қазір білім министрлігі орналасып отырған жерді сұрап, үй салдырды, ғылыми зерттеу институына лабораториялар қажеттілігін айтып, Білім министрлігі үйіне жанастыра тоғыз қабатты үйдің бой көтеруіне көп тер төкті. Осыған бола талай мекемелердің есігін ашты. Сенімі алдамады, ақыры дегеніне жетті. Осы 70-ші жылдардың ішінде республикалық №2 эксперименттік мектеп-интернатын аяқтап, өз ұсынуымен оны бірінші директор етіп тағайындады.

1974 жылы бұл ғимарат та іске қосылды. 1965-1970 жылдарда Әбекеңнің тікелей жетекшілігімен білім мазмұнын жаңартудың ғылыми негізі қалыптасып, жаппай орта білім беруге қажетті оқулықтар мен бағдарламалар дүниеге келді. Мысалы, 60-70 оқу жылының басында Қазақстанда бастауыш мектептер түгелдей дерлік оқулықтар, әдістемелер, басқа да оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Ол кезде Одақ республикаларының бірде бірі мұндай жетістікке қолы жетпеген болатын.

Көптеген ғылыми-зерттеу тақырыптары бойынша СССР ПГА институттарымен ортақ жұмыстар атқарып, біздің ғалымдардың есімдерін  Одақтық деңгейге жеткізді.

Әбдіхамит Ібінияұлы ауыл мұғалімінен республика Оқу министрі, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Көп жылдар Қазақ мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, проректоры, сондай-ақ соңғы жылдары Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының педагогика кафедрасының профессоры бола жүріп те педагог кадрларын даярлауға айтарлықтай үлесін қосты. Оның тікелей басшылығымен 20-дан астам диссертациялық жұмыс қорғалды.

Әбдіхамит Ібінияұлы Сембаев бірнеше мәрте СССР және Қазақ ССР Жоғарғы Советтерінің депутаты болып сайланды. Отан алдында сіңірген еңбегі бағаланып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен және көптеген медальмен марапатталды. Бірнеше жыл қатарынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды. Қазақстан ғылымын дамытудағы әлеует еңбегі үшін 1967 жылы СССР Педагогика ғылымы академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

(Нұрахметов Н.Н., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Қысқартылып алынды).

Басқа жаңалықтар

Back to top button