Көкбөрі Керней | Төрехан Майбас
Тұлғалар

Төрехан Майбас

Қазір кітап оқитын адам аз, тіпті жоқ деп айтуға болады. Ал роман оқитын адамды емге таппайсың. Сондықтан қазір роман жазып жатқан ешкім жоқ. Оқырман жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Оқырманың болу үшін кітапты біртүрлі етіп жазу керек. Қаламгерлер Төрехан ағамызды біртүрлі жазатын жазушы деп есептейді. Содан барып бұл кісінің оқырманы бар. Не жазар екен деп күтіп жүретіндер тіптен көп. Себебі бұл кісі оқырманға не керек екенін біледі, оқырман ойын дөп басып, оның сұранысын қанағаттандыратын дүниені таба біледі және сүйсініп оқитын тілмен өрнектеп жаза да біледі. Артықшылығы осы.

Таптаурын болған тақырыптарға жоламайды, халықтың сусап отырған этнография, тарих мәселелеріне ерекше көңіл аударады. Ондай тақырыпқа жазу үшін өткен дұниеден хабарың болу керек. Кітапқа түскен дүниені елдің бәрі оқу біледі, ал жазылмаған дүние Төкеңнің қалтасында, одан қалды қойын кітапшасында. Қолы тиіп, есіне түскеде әлеуметтік желіге жарқ еткізеді. Көрген де арманда, көрмеген де арманда болып, талқылап жатамыз.

Ертеде «Керат» деген әңгімесі шықты. Соны мектеп оқушылары, басқа да оқырмандары, әсіресе қарағандылық студенттер машинкаға басып көбейтіп оқыған деседі. Бірге оқыған қатарлас студенттер қызық қуып жүргенде, қолынан кітабы түспей ой қуып жүрген де осы алдыларыңда отырған ағаларың. Өткеннің бәрі тарих десек, тарихтың көзі болған үлкендерден керегін алып, жадына жинап, бүгінде керегіне жаратып отырған тағы осы ағаларың. Өзіне керектінің бәрін ерте бастап қимылдап жинап, бүгінде игілігін көріп отыр. Осының бәрі еңбектің арқасы, алдағы өмірін зерделей білгеннің пайдасы. Тегіннен тегін зерделі ойдың зергері деген атқа ие болмаса керекті. Көптеген этно-танымдық мақалалар жазумен қоса, Хикметтің, Уитменнің, Фростың өлеңдерін қазақшаға тәржімалағанын көпшілік біле қоймайды. Бүгін орталарыңызда отырған қаламгердің бұл да бір адам сүйсінерлік қыры деп айтуға болады.

Француз елінің ірі ақыны, прозашы Мопассан Флобер: «Жазушы ғалым болу керек» — деген екен. Онысы кез келген жазушы жазу обьектісін жете зерттеп, оқырманның көңілінен шығатындай құнарлы дүние әкелсе деген ізгі тілектен туындап жатса керек.

Төрехан Майбастың қай кітабын алсаңыз да үлкен ізденістің, терең зерттеудің, халықтың салт-дәстүрінің аясында жазылып шыққанын аңғару қиын емес. Сондықтан да болар, жоғарғы оқу орындарының студенттері кездесу барысында белгісіз құпияның сырын ашқандай болады, толассыз сұрақтар қойып, белгіленген уақыт шеңберінен артық әңгіме-дүкен құрғанын байқамай қалады. Этнография мәселесі жөнінде әңгіме қозғалғанда, кейбір оқытушылардың да қызығушылықпен құлақ түретінін байқамау мүмкін емес. Өйткені көргені мен көкейге түйгені көп жазушының айтары да көп. Жай айтпайды, дәлелмен сөйлейді, біліп айтады, қазып айтады.

«Шешеннің ең ұлы қасиеті – қажет нәрсені ғана айту емес, сонымен бірге қажеті жоқ нәрсені айтпау».  Цицерон.

Бұл — Төкеңнің жазу ісіндегі басты ұстанымы. Шығармаларынан кейіпкерді қаралап немесе жамандап жазған бір де бір факті таппайсыз. Жазғандарын оқып отырып, адам мен адам арасындағы сыйластық, бауырмалдық принциптерін басты бағыт етіп алғандығын байқайсыз және одан ауытқымайды. «Ешқашан адамды жамандауға ұмытылмау керек. Адамның бәрі бірдей емес. Пенде болған соң өмір ағымына байланысты туындайтын оқиғаларға байланысты қателік жасалады. Оны айтамын деп, одан да үлкен қателікке ұрынуың мүмкін. 1931-1937 жылдары болған оқиғаларды біз білмейміз, оның шындығы да бұрмаланып жетуі ғажап емес. Мүмкіндігінше ол тақырыпқа қалам тартпаған жөн. Тарихи ақтаңдақтар бұрын да болған, әлі де бола береді…» — деген ескертуі бір жағы жанашырлық болса, бір жағынан ел мүддесін ойлағандығы, ел іргесі ажырамасын дегеннен шығып жатқан әңгіме. Бұл тұрғыда кейде келісіп, кейде келіспей жататынымыз да шындық. Адамның өресіне байланысты жағдай.

«Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар». Елдің тарихын білу ер-азаматты ұлтын сүюге, жауынгерлік рухта тәрбие алуға жетелейді. Бұл ретте ата-баба шежіресін білудің, біліп қана қоймай ел-жұртқа таратудың маңызы зор.

Төрехан Майбас — өз атасының ғана емес, осы аймақта өмір сүріп жатқан жұрттың ататек шежіресін түзуде жемісті еңбек істеп келе жатқан кәнігі шежіресі. Бірнеше шежіре кітабын жазып шығарды. «Қаракесек» шежіресінің екі томдығын шығаруға атсалысты. Енді бірнеше томнан тұратын «Керней» шежіресін жазу үстінде.

«Балаларымыз асық ойнап жүргенде, Төрехан шалдардың жанына барып әңгіме тыңдап отыратын» — дейді көзкөргендер. Он жастағы шамасы. Соның нәтижесін енді көріп отыр. Ондай әңгімені бәріміз де тыңдағанбыз, бірақ қабылдау деңгейіміз бірдей болмағаны ғой.

Содан да болар, этнография мәселесіне келгенде су жұқтырмайды. Оның үстіне ізденісі тағы бар. Үйренетін мектебі болды, жақсыларға жақын жүрді, табанды талабын көргендер бойына жақын ұстады.

Ақшатау елі әуелден ақын-жазушысыз болған емес. Оның пайдасын да көрді, ойсыратқан зияны да болды. Бірақ тамыры қалды. Тамырдың көктеуінен қаламгер азаматтар жетіліп шықты. Олардың жазбалары оқырманын өзіне ерекше тартатындай сипатта болды. Кеңес заманында Жүсіп Алтайбаевтың шығармалары жоғары бағаланды, оқырманы іздеп жүріп оқитын.

Сәбит Адамин, Қозы Уәдиев сынды ұстаздарымыз да аз жазған жоқ. Бүгінде шәкірттері Төрехан Майбас, Құлтөлеу Мұқаш оқырманы көп жазушылар қатарында. Аз жазса да саз жазатын Мирас Мұқаш та шоқтығы биік қаламгердің бірі. Тағы да басқа өсіп келе жатқан жастар жеткілікті…

Төкеңнің алдында арқа сүйер алпауыт ағалары болды. Олар барда дүние кең еді. Аз жылдың ішінде дүние тарылып сала берді, бәрі дерлік мәңгілік мекеніне қайтты. Артта қалғандарға басшылық жасау, ағалық көрсету міндеті өзіне жүктелді. Оңай емес, ауыр міндет. Оның үстіне өзі айтқандай жетпістің жетегіне ілесті. Алла қуат берсін, артында арқа сүйер көргенді бауырлары өсіп келеді. Қазақ қашанда тізгінді босатқан емес, босатпайды да. Әсіресе осынау өліара шақта.

«Төрехан қазақ руханиятының өркендеуіне өте үлкен үлес қосты. Ондай адамды құрметтеу керек» — деді бірде ҚР Ауылшаруашылығы саласының үздігі Ниқанбай Омарханов ағамыз. Бұл пікір ел пікірімен де үндесіп жатқандай.

Басқа жаңалықтар

Back to top button