Мақалалар
Кіндігінен нұр тамған көрнекті тұлға

Бөрібай Жексенбин
Қазақ баласының оң мен солын танығаннан бастап, шыққан тегін ұлықтап ас беруі — өзіне тән діліндегі ерекшелігі. Бізді ұлт етіп біріктіріп тұрған да осы ерекшелік. Сөз жоқ, ұлтымыздың бауырмалдығы, қонақжайлылығы, дархан мінезі, кеңдігі ұлттық ерекшелік ретінде әлдеқашан мойындалған. Елімізді, ұрпағымызды, тәуелсіздігімізді сақтап, нығайту үшін темірқазығымызға айналған осы дәстүрді бүгінгі ұрпақ қастерлеп, Көкбөрі Керней атанған бабасын ұлықтап, сауын айтып ас берді.
Алғашқы ас 2005 жылы берілген болатын, содан бері де 20 жылдың жүзі өтіпті. «Көкбөрі Керней баба» ҚҚ қорының тұңғыш президенті Ж.С.Ақылбаев бастаған ақсақалдардың ұйғарымы бойынша белгілі бір мерзімде ас беріліп тұруы жөнінде шешім қабылданған. Үлкендер аманаты ұмытылмай, ұрпақтары айтылған уақытта ас беруді жалғастырып келеді.
Түсінікті болуы үшін Керней баба жөніндегі мына бір ақпаратты назарларыңызға ұсынамын:
Өлкетанушы Садық Смағұлов ағамыздың дерегі бойынша бабамыз 1619 қой жылы дүниеге келген. 1702 жылы 83 жасында Шұнақ тауының шығысындағы Ақдала жазығында қалмақтармен болған ұрыста қалмақ мергенінің оғынан жараланады. Денеге баяу дарып, тұла бойын қыздырған уланған жау оғы ажалына себепші болды. Он мың қалмақтың жер құшқан жеңілісін әйгілеп, қазақтар бұл жерді «Қалмақ қырылған» деп атап кетті…
«Қаракесек Көкбөрі Керней қазақтың ауызша тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен танылып, ел басқарудың «Есімхан салған ескі жол» деп аталатын заңдық ережесін өмірге енгізген. Қазақ хандығының әйгілі ханы Шығайұлы Есімнің тұсында атқа мініп, қолына қару алып, жауға шапқан;
Салқам Жәңгір ханның тұсында шебер қолбасшылығымен аты айырықша танылып, «Қалмақ қырған» шайқасы қаһарманы ретінде әйгілі болған;
Әз-Тәуке ханның заманында ел ағасы атанып, ел бірлігіне ұйтқы бола білген, халықтың данагөй қарты атанған нақты тарихи тұлға, бүкіл ғұмырын елін жаудан қорғап, ат үстінде өткізген халық батыры».
(Қойшығара Салғараұлының жазбасынан).
Ақжал кенішінің «Көкшағыр» алаңына жиналған халықта есеп болмады. Балқаш қаласынан келген имам Медет пен Ақжал мешітінің имамы Бағлан бабаға арнап дұға бағыштады.
Содан кейін жүргізушілер асты ашық деп жариялап, сахна төріне Н.М.Әбдіровті шақырды. Нұрлан Мәжитұлы жиналған көпшілікті құттықтап, Ж.С.Ақылбаев пен М.А.Әбдіров негізін салып кеткен қор жұмысының бүгінгі айшықты жұмысына жақсы баға берді. Беріліп жатқан ас алаңының реттілігіне, жаңа технологиялармен жарақталғанына және қазіргі талапқа сай цифрландыру үрдісіне бой ұрғанына ризашылығын білдіріп, жаңадан сайланған қор құрамына зор табыс тіледі. Осының алдында ғана Әбдіровтер әулетінің мектеп ұжымына озат оқушыларды қолдау мақсатында қомақты қаржы аударғанынан хабардар болғанбыз.
Келесі кезекте сөз алған Шет ауданының әкімі М.С.Мұхтаровтың сөзінен баба атындағы қордың атқарып жатқан жұмыстарымен жақсы таныс екенін байқадық. Осыдан 5-6 жыл бұрын әлемді дүркіреткен пандемия кезінде қор мүшелерінің елде жоқ дәрі-дәрмектер мен өте қажетті медициналық құрал-жабдықтарды тауып әкеліп, мұқтаж жандарға таратқандығын үлкен адамгершіліктің үлгісі деп атап көрсетті. Ақжал кентінің тұрғыны, баба ұрпағы Б.Манабаевтың шетелден сан мәрте чемпион болып оралып жүргендігін тілге тиек етті.
Кезінде «Қарабұлақ» совхозында бас маман болып, кейіннен республикалық масштабта үлкен қызметтер атқарған Б.Жексенбин өмірінің жақсы бір кезеңі өткен Керней елі азаматтарының жақсылығын ұмытпапты. «Елдіктің туын көтерген ер бабаның әруағы ұрпақтарының ұланғайыр тірліктеріне әманда риза шығар деп ойлаймын. Ел тағдыры, жер тағдыры найзаның ұшына, қылыштың сұсына, білектің күшіне қараған, елдің нарқы мен парқы сын талқысына түскен сол бір ауыр шақтарда халқымыздың бақыты мен бағына жаралған, кіндігінен нұр тамған көрнекті тұлға Көкбөрі атанған Керней батырдың өнегесі ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқанының куәсі болып отырмыз» — деп ағынан жарылды.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Н.Дулатбеков бірнеше атадан бері нағашыларының Керней руынан екенін, сол себепті соңғы демі біткенше туған елінің тағдыры мен болашағы үшін, ұлан-байтақ қазақ елінің ары мен тәуелсіздігі үшін күресіп, халқының мүддесін қорғап шейт болған Керней батырдың ұрпақтары жанына жақын екенін, олармен қарым-қатынасы туысқандық жағдайда қалыптасқанын ризашылықпен айтып өтті.
Ауылшаруашылығы ардагері, Шет ауданының «Құрметті азаматы» Ә.Қ.Бәкіров осыдан 20 жыл бұрын өткен астың тағылымды мезеттерін еске алды. Ел азаматтарын батыр бабаларымыз аманат еткен ұлан-байтақ жеріміздің, ертеңі жарқын егемен еліміздің қорғаны бола білуге шақырды. «Өтіп жатқан ас отаншылдық рухты жаңғыртуға нақты қадамдар жасауға тиіс» — деді.
Мәжіліс депутаты Н.С.Әуесбаевтың елді бірлікке шақырған үндеуі қошаметпен қарсы алынды. «Асқа жиналған халық той жетегінде кетпей, ой жетегінде кеткенін қалар едім» — деген халық қалаулысы өркениет өріне қадам басқан баба ұрпақтарының болашағынан үлкен үміт күтетінін, бабамыздың киелі рухы жол бастап, айнымас серігімізге айналса деген тілегін жеткізді.
Шет ауданы мәслихатының төрағасы С.С.Социал баба ұрпақтарына ізгі тілегін айтып, туысқандық жібі Керней баба ұрпақтарынан ажырамағанын еске салды. Өз әжесі, балаларының нағашысы осы атадан екенін бұрыннан білетін едік. Ел басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы жағдайға байланысты аудан әкімі экономикалық тұрақтылықты сақтауда алдыңғы лектен көрінген бір топ еңбеккерлерге «Алғыс хат» жолдады. Саят Социалұлы сондай марапаттың бірін қор президенті Ұ.А.Әбдіхановқа табыс етті. Көптеген ақжалдықтар әкім марапатын иемденді.
«Көкбөрі Керней баба» ҚҚ қоры аз уақыттың ішінде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып үлгерген екен. Аудан көлеміндегі мектеп бітірушілерге 2 миллион 600 мың теңге демеушілік жасаған. Ақжал кентіндегі тұрмысы төмен отбасының біріне пәтер сыйлады.
Қарағанды қаласындағы құрылыс компаниясының басшысы Медет Жахметов үнемі қайырымдылық істермен шұғылданып, көпшіліктің алғысына бөленуде. Бұл жолы Ақшатау кентіндегі медицина мекемесіне көлік сыйлады. Садақ ату жарысына қаржы бөліп жүрген асы бауырымыз.
Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы да бос келмепті. Көптеген Керней ұрпақтарының білікті азаматтары мен азаматшалары мамандығына сәйкес төсбелгілермен марапатталды. Олардың ішінде қоғамдық қордың ұйымдастыруымен өтетін байқау жеңімпаздары А.С.Сәденов, Б.С.Сәденов, Ө.А.Қамзабаев, Ж.С.Сепбосынова және басқалар бар.
Осы шаралар арасында әсем ән мен тәтті күйге кезек берілді. Жиналған көпшілік арқалы әнші Манабаев пен «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің концертін тамашалады. Жарылғап батыр ауылынан келген айтыскер ақын Ж.Т.Мұқаш арнау айтты.
Тамаша безендірілген күрес алаңына жиналған халық қарамының көптігі бірден көзге түседі. ЛЭД экранмен жарақтандырылған алаңда қызу қанды қазақтардың үйреншікті ұран сөздері рухты елдің бойында ата-баба қанының ойнап тұрғандығынан хабар беруде. Іріктелген палуандар кілем үстінде өздерін еркін ұстап, бар мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануға тырысуда. Күрес ережесіне сәйкес жамбасқа алып иіре лақтыру, тірсектен шалу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау т.б. көпшілік назарынан қалыс қалған емес. Тарихы тереңде жатқан, ешқандай күрес түрлерін қайталамайтын «Қазақ күресі» Керней баба асында салтанат құрды, көрерменіне шабыт сыйлады.
Жарысқа Қарағанды қаласы бұқаралық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, «Дзюдо» күресінен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше халықаралық жарыстардың жүлдегері, әлем чемпионаттарының жеңімпазы және жүлдегері Рахат Бекболатұлы Искаков (бас төреші) пен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2009 жылғы Азия ойындарының, «Қазақстан барысы — 2018» додасының жеңімпазы Ержан Темірқұлұлы Шынкеев төрешілік етті. «Жарыс дау-дамайсыз әділ өтті» — десті жарыс көрермендері.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, жарыс қорытындысында күрделі әдістерімен және жойқын күшімен қарсыласын даусыз жеңген палуандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, 82 килограмм салмақта өнер көрсеткен Тараз қаласынан келген Бекәділ Шаймерденов бірінші орынды иемденсе, Бұқар жырау ауданының палуаны Данил Кместиков пен Семей қаласынан келген Ерзат Арғынов жүлделі екінші, үшінші орындарды бөлісті. «Түйе палуан» сайысында жеңіс тұғырына Шымкент қаласынан келген Ерсұлтан Мұзапаров көтерілді. Тараз қаласынан келген Қырықбай Ғалымжан екінші орынды, Абай ауданынын келген Айдар Оңайбеков үшінші орынды қанағат тұтты. Бірінші орынды иемденген жүлдегерлерге автокөлік кілті табысталды.
САДАҚ ТАРТУ
Кенжелеп қалған садақ ату өнері асқа келген жұрттың қызушылығын оятқандай. Арнайы дайындалған алаңның не үшін жасалғанын түсінбей қалғаны да рас, көз тартарлық әсем безендірілген аумақта садақ ату жарысына дайындалып жатқан сұрмергендер тірлігі де өзіне жақын тартқандай. Жарыс сайысына қазақтың төл нысынасы 60 метр қашықтыққа орналастырылатын «Қалқан» дұрыс деп танылды.
Еліміздің 15 өңірінен 135 мерген қатысқан сайыстың ұйымдастырушылары — Ақжал кентінің спортқа жанашыр азаматтары, басшысы — қазақ руханиятының жанашыры Қуан Ақшолақов. Жарыс барысында Батыс Қазақстан өңірінен келген Мұрат Лұқпанов деген азамат ең көп ұпай жинап, бірінші орынды иеленіп, бір миллион теңге сыйлыққа ие болды. Астаналық Ербол Тәпенов екінші орынға шығып, оған бес жүз мың теңге берілді. Абай облысынан келген Әділет Исмурзин мен алматылық Әлібек Еламанов үшінші, төртінші орынға шығып, әрқайсы жүз елу мың теңгеден қанжығасына байлады. 5, 6, 7, 8-ші орын алғандар да ескерусіз қалмады, елу мың теңгені місе тұтты.
БӘЙГЕ
Жылқы жүрген жерде бәйге болмақ және қазақ асы ат жарысынсыз өтпеген. Астың көзірі, жиналған жұрттың асыға күтер сәті де осы. Қазақ танымында бәйгенің бірнеше түрі бар. Баба асында аламан бәйге, топ бәйге, құнан бәйге түрлерінен спорттық жарыс өткізілді. Оның нәтижесі төмендегідей:
Аламан бәйге
1 орын – Бақторы. Мақсат Жандос Бағыжан. Қарағанды.
2 орын – Тайван. Замин Мейір. Қордай
3 орын – Көкшоқай. Серіков Дәурен , Сабалақ Абылай. Қарағанды.
4 орын – Сарыарка. Тілеш. Қарағанды .
5 орын – Айтөбел. Роман. Маңғыстау.
Біріншіорынға «Тойота велоз» минивен автокөлігі, екінші орынға «ВАЗ-Нива» автокөлігі табыс етілді.
Топ бәйге
1 орын – Орал. Ханкүрең. Мадияр Абзал.
2 орын . Басши. Жетісу облысы. Сұңқар.
3 Орын – Мойынқұм. Ақбақай.
4 орын — Шет ауданы. Сомбалақ.
5 орын — Қайназар ауылы.
Бірінші орын иесіне «Чанган Х5» автокөлігі берілді.
Құнан бәйге
1 орын — Қабылдиев Нұржігіт. Шалқұйрық. Шет ауданы.
2 орын – Нұрали. Бойтұмар. Лугавой.
3 орын – Асхат. Көзайым. Бақанас. Жетісу облысы.
4 орын – Мұхамедия. Фестиваль. Айса. Қарағанды облысы.
5 Нұрбек – Бақторы, Атырау.
Бірінші орын иесі «Шевроле Оникс» көлігіне ие болды.
СӘЛ ШЕГІНІС
Келмеске кеткен ағаларымыз қазығын қадаған «Көкбөрі Керней баба» ҚҚ қоры 20 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келді. Қордың алғашқы басшысы Ж.С.Ақылбаевтың қор жұмысын зиялылықпен басқарғанын айтпай кетуге болмайды. Кез келген жұмыста сақтық қажет екендігін жиі ескертетін. Басшылық тізгінін А.Әбдіханов ағамызға беріп, өзі сырттай бақылап отырды. Қиын уақыттар еді, елдің қаражаты күнделікті өмірінен артылмай, көптеген ауыл адамдары қарызға белшесінен батып отырған шақта ас беру идеясының көтерілуі көзсіз ерлік еді. Бірақ баба ұрпақтарының ішінде ас қаражатын көтере алатын қалталы азаматтар бар болып шықты. Ә.Ермегияев, Т.Әбіш, С.Қалыбеков, Б.Дүйсенбаев, С.Абақас, М.Шегенов, Қ.Әшляев, Қ.Боранқұлов, Б.Әрінов, А.Әшляев, Ұ.Әбдіханов, Т.Тілеуқабылұлы және жанашыр азаматтар А.Марданов, С.Қасымжанов атымтай жомарт екенін көрсетіп, асқа демеушілік жасады. Аталар тарапынан 2 миллион 40 мың теңге, демеушілерден 523 мың теңге жиналды, Осы қаржыға ас өткізіліп, қордың сол кездегі атқарушы директоры С.Смағұлов ағамыз толықтай есеп берді. Есеп қолымызда тұр.
Сөйтіп жүргенде аяулы ағамыз Ж.С.Ақылбаев өмірден өтті. Ол кісінің орнын үзеңгілесі М.А.Әбдіров ағамыз басты. Қор жұмысын ақсақалдық тәртіппен басқару қолға алынды. А.Т.Әбдіханов ағамыз да бақиға сапар шекті. Алдымыз селдіреп қалғандай болды. Бұл бастамасы екен, жақсыларымыздың көпшілігі дүниеден өтіп кетті. Б.Т.Иген басқарған мерзімде елде болмадым. Көп уақыт өтпей басшылық жұмысына Т.Ә.Майбас келді. Қор жұмысының рухани шарықтаған тұсы осы кезең болды.
БАБАМЫЗҒА АС БЕРЕТІН БОЛДЫҚ
Биыл өткен асқа дайындық жұмысы сонау қара күзден басталды. Елге жаны ашыған азаматтар астың қажетсіздігін айтты. Көпшілік дауыспен ас өткізілетін болды. Бұл кезде қор жұмысын Ұ.А.Әбдіханов жаңа ғана қолына алған кез-тін. Алғашқы құрылтай жиынында халыққа күш салмау қажеттігі баса айтылды. Ақылдаса келе, әр шаңыраққа 20 мың теңгеден салық түсетін болды, ел өткізіп жүрген астардағыдай 100 мың, 500 мың емес. Қысқа мерзім ішінде жетерліктей қаржы жиналды, асқа дайындық жұмысы басталып кетті. Ел іші емес пе, бірінен соң бірі демеушілер де шыға бастады.
ДЕМЕУШІЛЕР
Сармырза атадан Малыбаевтар әулеті баба асына тігілетін 16 қанатты 2 киіз үйді өз мойындарына алып отыр. Ұлттық нақышта ою өрнегімен безендірілген кілем, басқа да көрпе жастығымен бірге. Малыбаев Эльдар, Малыбаев Талғат. Киіз үй Алматы қаласынан алдырылды. Сармырза атадан Нұрлан Әуесбаев ағамыз да қорға жарнадан тыс 1 миллион теңге аударды.
Балта ата ұрпақтары баба асына Шевроле Оникс автокөлігін қосты. қосты. Осы автокөлікке 1 миллионнан теңгеден қаржы шығарған Нұрланбеков Алтынбек Амантайұлы, Байжиенов Ерлан Орақбайұлы, Аймағамбетов Жалғас Имантүсіпұлы, Санбаев Дидар Жұматайұлы сынды азаматтарға Алланың нұры жаусын демекпіз.
Түйте ата ұрпақтарынан Ержан Шынкеев қазақ күресіне арнап ВАЗ Нива автокөлігін тарту етті. Азаматтығы келіскен Ержанның демеушілігі бір бұл емес, қор жұмысымен үнемі тығыз байланыста болды.
Шаң Ес ата Кенелдік ұрпағы Шегеновтер әулеті қорға жарнадан тыс 1 миллион теңге аударды. Сонымен қатар осы ата ұрпағы Абақасовтар әулетінен Самат бауыр да асқа арнап, 1 миллион теңге көмек көрсетті.
Шаң Ес ата Бегімбет ұрпағы Ерлан Аманұлы Түсіпханов «Чанган Х5» маркалы шетел көлігін сыйға тартты. Сонымен қатар, Ақсу-Аюлыдан автокөлігін айдап келіп, мәрттік жасап, «Көкшағыр» алаңына 800 тонна фреза тасып берді. Осы жұмыстың барлық шығынын өзі көтерді.
Аманбек Түсіпханұлы Әбдіханов балалары Еркінбек, Ұлан, Қуат ұйымшылдық көрсетіп, күрестің бас жүлдесіне Тойота Велоз минивэн автокөлігін ұсынды.
Ес-Бегімбет ұрпақтары Бағдат Сауғабаев пен Бектас Сүлейменов бір бір мотоциклден қосты.
Шаң ата Сүйіндік ұрпақтары да жолынан жығылмай, «Нива» автокөлігін және 1 мотоцикл тікті. Сүйіндік ата ұрпағы Мәжит Аманқұлұлы Әбдіров ағаның балалары білімге құштар, дарынды жастарға қолдау көрсету ниетімен арнайы қорға бір жарым миллион тенге қаражат аударды. Сүйіндік атаның тағы бір ұрпағы Дулат Жахметбеков жарнадан тыс 1 миллион теңге берді.
Шаң ата Қуандық ұрпақтары Лада Гранта автокөлігін әкеліп қаңтарып қойды. Қуандык ата ұрпағы Бекбол Нәметұлы өз ақшасына Керней баба асына бір жарым миллион теңгеге ән жаздырды.
Шаң ата Маматай ұрпақтары баба асына 350 текшелік 1 мотоцикл қосты. Осы атадан Ербатыр атты азамат тағы да сыйлық ретінде 400 мың теңге көлемінде қаржы аударды.
Балапан ата ұрпағы «СМК GROUP» құрылыс компаниясының бас директоры Медет Жахметов Көкпар ұлттық ойынына толық демеушілік жасап, 6 000 000 теңге бөлді. Көкпар ойынын алып тастағандықтан, ол қаржыға үстеме ақша қосып, Ақшатау кентіндегі медициналық орталыққа бір автолік әперді және Ақжал кентіндегі тұрмысы төмен отбасыға пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар садақ ату спортына жартылай демеушілік танытып, 2 миллион теңге бөлді.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков білімді, дарынды жастарға көңіл бөлінсін деген ниетпен бір миллион теңгені қор қоржынына салды.
Астаналық азамат Түйте Тәуіш ұрпағы Орынбай Әбуұлы Нүркеев қорға 2 миллион теңге қаржы салды, асқа тігілген киіз үйлердің әрқайсысына 20 литрден газ талонын таратты.
Ақтөбелік компания «ASC Stroy» ЖШС директоры Айбек Серікұлы да үнсіз қалмады, әруақ ырзалығы үшін садақ ату сайысына демеуші болып, бір миллион теңге бөлді. Қолда бар ақпарат осы. Есімі шықпай қалған азаматтар болса, комментарийге жазыңыздар.
Ақжал кентінде орналасқан Айдар Болатұлы басқаратын НОВО-Цинк мекемесі 5 миллион теңге қаржымен көмектесті. Осындай жанашыр демеушілер арқасында ас өткізуде қаржы жағынан тапшылық болған жоқ.
КӨҢІЛГЕ ТҮЙГЕН ӘСЕРЛЕР
Шілденің 25-і. Киіз үйлерін тігіп, шаруаларын жайластырған жұрт Ақжал кентіндегі «Көкшағыр» алаңында Көкбөрі Керней баба рухына арналған баба ұрпақтарының күшімен дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады. Бағдарлама жүргізушілері Диас Құрмашүлы мен Шолпан Мұратқызы көрермендерді құттықтай келе, алғашқы ән орындау кезегі облыстық, республикалық байқаудың лауреаты Роза Худайбергенқызына берілетінін хабарлады. Әнші орындаған «Бұл біздің жер» әні бабаларымыздың батырлығы мен даналығын еске салып, бүкіл атырапты шарлап кетті. Ашық аспан астында әуелете ән салған өнерпаздарымыз Ардақ Мұқыш, Айнамкөз бен Қаракөз Қоңқабаевалар, Рымтай Майкенқызы, Нұрболат Батайұлы, Геният Кенжеғалиқызы, Жақыпбек Дарын, Саяжан Тайтөлеуова, Әсем Рамазанқызы, Қарағанды Мейірбек, Әмір Ғалымұлы орындаған «Қазағым-ай», «Алмалы сай», «Құба бел», «Қазақ осы», «Гүлдариға», Сәулемай», «Ой жайлау», «Майра», Сырғақты», «Ләтипа» т.б. әндеріне шын көңілден дуылдата қол соққан көрермендер ризашылығын білдіріп жатты.
Келесі кезек арқа күйлерінің насихаттаушысы, күй мұрасын жалғастырушы, Керней бабаның жиені Қалкен Қанапияұлына келді. Орындалатын күйдің атын айтқан кезде көпшілік демдерін ішіне тартып, сілтідей тынды. Хабарлаушы күйдің аты «Шаңның Қосбасары» дегенде, көпшілік ішінен: «Бар екен ғой, әруақ, әруақ» деген қуанышты дауыс шықты. Бұл күй 1926 жылдан бері аты аталып орындалмаған. Қызыл империя өнер адамдарына, бірінші кезекте күйшілерге шүйліккен, жер аударған, күйшілердің саусақтарын шауып тастауға дейін барған. Содан өнер тұншыққан, кейбір күйлердің атауын өзгертуге тура келген. Соның бірі осы «Шаңның Қосбасары». Жойылып кетуге шақ қалған, бірақ орындалып жүрген. Соңғы орындаушысы — арқа күйшілік мектебінің дәстүрлі перне тағу жүйесін сақтаған Сәкен Әбішев. Екінші адам — Тұрсын ұрпағы Әпике Әбенова. Бұл күйді ғажайып жағдайда өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай осы Сәкен ағадан 1992 жылдары жазып алып қалған. Сол күй елге жетті, Ақжал жерінде күмбірледі. Қазақ тарихында ру атымен аталатын үшінші күй болып тізімге енді. Өнер тамашалаушы жұрт жақсы бір көңіл-күймен үйлеріне тарады.
Шілденің 26-сы. Баба асына баға беруден аулақпын, бірақ әлеуметтік желілерде айтылып жатқан ұнамды, оң пікірлер көпшіліктің ұйымдастыруымен өткен астың өз миссиясын дұрыс орындағанын білдіреді. Талай астарды көріп жүрміз, көкірек көзімен қарасақ, салыстырмалы түрде астың жаңашыл бағыт ұстанғанын байқау қиын емес. «Көкшағыр» алаңының безендірілуі бірден көз тартады. Садақ сайысы өтетін алаңда жүрген адамдардың киім киісінің өзі өткен ғасырлардағы ата-баба өмірінен сыр шертіп тұрғандай. Халық шоғырланатын жерлердің бәрінде ақпараттық белгілер фотозона, бильборд, баннер орналастырылған. Қызылды-жасылды қадалған тулар ерекше көрік беріп тұр.
Басты сахнаның алдына 250 адамдық алаң жасалған, сонша орындық қойылып, күннен қорғайтын қалқаншалар орнатылған. Жиналған жұртшылық көлеңке астында алаңсыз концерт тамашалады. 20 метрлік сахнаның безендірілуі қаладағыдан кем емес, екі жағына екі ЛЭД экран қойылған. Екі автокөлік жаңбырлатқыш механизмін іске қосып, аптап ыстықты білдіртпей жіберді десе де болады. Адам жүретін жерлер жасанды жабындымен көмкерілген. Киіз үйлер орналасқан аумаққа жол салынып, ені 2 жарым метр асфальт жабындысы төселген.
Ас ұйымдастырушылары балалар алаңын жасауды да ұмытпаған. Ең кереметі сол, киіз үйлердің қатарына сауда нүктелері орналастырылып, халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Бағасы қолжетімді, түрлі сусындар, балмұздақтар, тіпті дәмі тіл үйіретін плов пен кәуапқа дейін сатылымға қойылған. «40-қа жуық сұраным түсті, соның бәріне мәдениетті сауда жасауына жағдай жасап, халықтың көңілінен шығудамыз» — дейді баба қорының басшысы Ұ.А.Әбдіханов. Айтса айтқандай, тап-таза жерде халыққа қызмет жасап тұрған саудагерлердің тауарлары жылдам азаюда.
Алаңның бір шетінде «Жәдігер» қолөнер орталығының қолөнершілері өздері қолдан жасаған бұйымдарын саудалауда. Халық өзіне қажетті бұйымдарды бағасына қарамай алып жатыр.
Өнер сүйер қауымның тағы бір көңіл аударып тамашалағаны гала-концерт болды. Бірнеше республикалық, халықаралық әнші-термешілер сайысының лауреаты атанған, қалың елге Наркенже болып танылған, өз биігіндегі әнші Наркенже Серікбаева ерекше дауысымен халық сүйіспеншілігіне бөленді. Онымен қоса, аймаққа ғана емес, елге әйгілі «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, жас та болса жарқырай көрініп жүрген жұлдыз «Jazzdauren», түрік әншісі, әлемдік сахналарға шығып, танымал болып жүрген Мурат Япырак, Керней баба ұрпақтарынан құралған өнерпаздар тобының өнері халықты бір серпілтіп тастады.
Болат Хамитұлы Манабаев. 20 жылдан астам уақыттан бері 60-қа жуық ауыл балаларын спорттың қазақша күрес, самбо, дзюдо түрлерімен ақысыз жаттықтырып жүрген халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Дзюдо мен самбо күресінен ҚР 22 мәрте чемпионы, әлемдік деңгейдегі 5 алтын медальдің иегері. Болгария, Греция, Кипр, Корея, ҚХР тәрізді 12 мемлекеттің татамиінде асыр салған ардагер самбошы. 7 жасынан бастап спортпен шұғылданған Болаттың ағалары да спортқа жаны жақын жандар болатын. Жоғарыдағыдай жетістіктерге өз күшімен жетіп жүрген Б.Хамитұлы «Көкбөрі Керней баба» ҚҚ қорының назарынан тыс қалмады. Қор президенті Ұ.Аманбекұлы концерттің шырқау шегіне жеткен кезде жұрт назарын аударып, үздік спортшның иығына шапан жапты, қазақ дәстүрімен ат мінгізді. «Азаматқа көрсетілген сый — халыққа көрсетілген құрмет» — деді ауыл ақсақалы Т.Сартаев.
Цырульников Сергей Валерьевич — 40 жаста, күштік номерлер бойынша төрт дүркін әлем чемпионы. Қазақтың белгілі палуандары Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақ аталарымыздың дәстүрлерін жалғастырушы ізбасары. Волейбол мен пауэрлифтинг спортынан спорт шебері атағын иеленген. Осындай сирек кездесетін өнер иесі Керней баба асына келіп өнер көрсетті. Көрген де арманда, көрмеген де арманда.
АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ
2005 жылы тамыздың 28-і күні «Көкбөрі Керней баба» ҚҚ қоры алқасының астан кейінгі алғашқы жиыны өтті. Қор алқасы баба асының 20 жылда 1 рет берілуі жөнінде шешім шығарды. Келесі ас 2025 жылы берілетін болды.. Қордың 23 адамнан тұратын қамқоршы кеңесінің жаңа құрамын бекітті. Кеңес мүшелері болып: Ж.Ақылбаев, М.Әбдіров, С.Смағұлов, С.Малыбаев, М.Шегенов. Т.Дүбірбеков, Б.Игенов, Б.Әрінов, С.Жахметов, С.Қалыбеков, Б.Дүйсенбаев, Қ.Боранқұлов, Ә.Бәкіров, Т.Майбас, М.Жаманқұлов, С.Аманжолов, А.Хасенов, Қ.Әбдуақасов, Е.Жұмабеков, Т.Әбішев, А.Смағұлов, Б.Байдырахымов, С.Аманов сайланды.
Міне, 20 жылдан кейінгі келесі толқын әкелер аманатын орындады, «Көкшағыр» алаңына барып, баба рухын аспандатты. Ас өтті, көпшілік қауым жоғарғы деңгейде өтті деп бағалап жатыр. Кері пікір айтып жатқан азшылық та бар. Әрине, оларды да сөкпейміз, әркім өз пікірін айтуға құқылы. Кеткен кемшіліктерді айтып ескерткені осы кемшіліктер келесі аста қайталанбасын деген ізгі ойдан туындап жатқан шығар. Ас қорына әр шаңырақ басы 20 мың теңгеден қаржы жинады, аз ба, көп пе өзіңіз саралай беріңіз. Ас алаңына 186 киіз үй тігілді, яғни ел жиналды, жиналған елдің бірлігі көрінді. «Бұл — бабаға деген құрмет, тектілікке деген тағзым, ұрпаққа өнеге қалдыру жөніндегі жүрек ісі». Бегімбет ұрпағы Бағдат Әшімханұлы осылай деп топшылапты. Әке жолын жалғап, ағайынға қызмет еткен Ұлан Аманбекұлының ұйқысыз түндері текке кетпеді, елдің алғысына бөленді, қолынан іс келетін іскер жандарды ұйыстыра білді, есебіне мықты екенін көрсетті. Есеп білмесе үй басынан 100 мыңнан жинар еді, олай жасаған жоқ, нарық заңының майын ішкендігін көрсетті. Ұйымдастырушылар қатарынан Қайырғали Садықов, Мирас Мұқаш, Азамат Әбілдин, Алтынбек Нұрланбеков сынды азаматтарды көрдік. Көкірегімізде келесі өтетін астардың майталманы болар деген сенім ұялады.
Ақжалдағы туыстардың қажырлы еңбегін айтпай кетуге болмайды, көптеген дайындық жұмыстары, баба ескерткіші басын реттеу, ас болатын алаңға керекті жарақтарды орнату, осының бәрі ақжалдықтардың мойнында болды. Оның бәрін сырттағы халық жақсы біліп, разылықтарын айтып отырғаны тағы шындық. Қарабұлақ ауылында Бибі деген апамыз тұрды, сүйегі біздің елден. Асып бара жатқан адуынды да емес, бірақ шалдарға сөзін өткізетін, туралап айтсақ билігін жүргізетін. «Адал адам» — дейтін Нәбия әжем. Сондықтан да сыйлы болды. Осы аста сол апамыздың немересі Медет Нөкеш қатарластары арасынан суырылып шығып, Ақжал көлемінде істелген жұмыстарға басшылық жасады. Арамыздан осындай жалынды жастардың шығып жатқанына қуанамыз. Әр адамның жақсылық істерін атай берсек уақыт жетпейді, бірақ жақсылардың бар екенін көз көрді. Жақсыларымыз жарқырап көріне берсін.
Киіз үйлер тігілген алаңға баруға аяқ жүрмеді. Өйткені шежіре мәліметін жинау барысында біразына қатты айтуға тура келген. Бірақ ол ісімізден нәтиже шықпады. Кінәм болмаса да, бетке басары анық-ты. Біразы іздеп те келді, алыстан келгендер де келіп сұхбаттасты. Оның бәрі болашақтың әңгімесі. Т.Майбас ағам үнемі ескертетін: «Керней баласы туралы ешқашан бөтен сөз жазба» — деп. Оған кейде ішкі дүние бағынбай кетеді, содан жұқалап жатқаным. Осымен жазбамды аяқтайын, ас туралы сіздер де мағлұмат алдыңыздар. Дүбірге құлақ түріп отырғандарыңызды білем, менің бар жинап-тергенім осы. Көріскенше күн жақсы.
P/S: 2005 жылы берілген аста «NOWO-Цинк» мекемесің басшысы Баданов Мейрамның істеген қажырлы еңбегі әлі есімізде. Қазақи қалыптағы азамат қолдан келген көмегін аямады.
Соңы.
Аңғар Смағұлов